Еске сала кетейік, Сенат тарапынан барлығы 28 түзету енгізілген Бұлардың басым бөлігі редакциялық нақтылау сипатына ие болып табылады.
Парламент қабылдаған Заң Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пунктерінде әкімшілік кедергілерді жою, бақылаушы органдардың санын қысқарту, сонымен қатар Кеден одағының шекарасындағы өткізу пункттері арқылы жүктерді өткізуді жеделдетуді қарастырады.
Тоқтала кететін жайт, бүгінгі күні кеден органдарына көліктік және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау түрлерін жүргізу бойынша функциялар берілген. Ал Женева конвенциясына сәйкес, бақылаудың барлық түрлерін ұйымдастыру кеден қызметімен үйлестiрiледі және олардың уәкілеті берілген жағдайда бақылау функцияларын жүргізеді. Сондықтан да құжат бойынша автомобиль өткізу пункттерінде кеден органдарына ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау бойынша құжаттамалық және физикалық бақылау жүргізу функциялары беріледі.
Тұтастай алғанда, заңды қабылдау шекара арқылы көлік құралдарының өту уақытын 3-4 сағатқа дейін қысқартып, шекарадағы жемқорлықтың төмендеуіне жол ашады. Бұдан бөлек, құжатта еліміздің ішіндегі ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау және қадағалауды оңтайландыруға себеп болады.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.