Кеден одағының тиімді қызметі мен БЭК құру біздің елдеріміз арасындағы достықтың жарқын дәлелі - Қ.Саудабаев

АНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада «Кеден одағы: Бірінші жылдың қорытындылары. БЭК жолында» атты тақырыппен халықаралық конференция өтті.

Кедендік одақ және ЕурАзЭҚ-тың Бірыңғай экономикалық кеңістігін құру мәселелеріне арналған алқалы жиынға қатысушыларға ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев құттықтау жолдады. Оны ҚР Сыртқы істер вице-министрі Қайрат Сарыбай оқып берді.

Қ.Саудабаев өз құттықтауында Бірыңғай кедендік тарифтердің енгізілуі мен бірыңғай кеден аумағының толыққанды қызмет етуін қамтитын Кеден одағының құқықтық-келісімшарттық негізін қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар толығымен жүзеге асырылғанын, Одақтың институционалдық құрылымы жасалып, ол ойдағыдай жұмыс істеп жатқандығын атап өткен.

«Қазіргі кезеңде тек тауарлардың ғана емес, сондай-ақ қызмет көрсетулер, қаржы мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы қамтамасыз етілетін анағұрлым дамыған саты - Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберіндегі өзара әрекеттестікті тереңдетуге қосымша күш-жігерді біріктіру қажет. Бұл біздің мемлекеттеріміздің әлемдік экономикадағы ықтимал дағдарыстық көріністерді бейтараптандыруға бағытталған ортақ іс-қимылдарымызға айналмақ. Кеден одағының тиімді қызметі мен Біртұтас экономикалық кеңістікті құру біздің елдеріміз арасындағы достық пен тату-тәтті көршіліктің жарқын дәлелі болып табылады», - делінген құттықтауда.