Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қ.Кәрбозов қазақстандық кеденшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтады

АСТАНА. 11 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ертең, 12 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Кедендік қызметі құрылған күн.

Дәл осы күні 1991 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Кеден қызметі құрылды. Ал 1992 жылғы 28 ақпандағы «Кедендік органдар құру туралы» №35-інші бұйрықпен 12 кедендік қосынымен 6 кеден орталығы құрылды.

Кедендік органның құрылуы республикамыздың егемендігін алуымен тұспа-тұс келді. Содан бері ел тәуелсіздігімен жасасып, мемлекеттің мүддесін қорғау ісінде, оның экономикалық және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде абыройлы қызмет атқарып келеді. Бұған дейін бірнеше рет реформаланған кедендік орган биыл 19 жылдық мерейтойын атап өтуде.Қазақстандық кеденшілерді кәсіби мерекелерімен және алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Кәрбозов құттықтады.

«ҚР Кеден қызметі өзінің 19 жылғы тарихында жетілген, тұрақты, мүмкіндігі мол, қоғам өмірінде маңызды роль атқаратын, сондай-ақ елдегі экономикалық процесстерге ықпал ететін мемлекеттік орган болып қалыптасты. Қазақстан кедені ынтымақтастық елдердің кеден қызметтері арасында - кедендік жаңа техникалық бақылау құралдарын енгізіп, қолдана бастаған алғашқылардың бірі. Қазақстандық кеденнің жетістіктерінің тағы бірі - Кедендік бақылау комитеті базасында Дүниежүзілік кеден ұйымының Өңірлік оқу орталығының ашылуы. Бұл нәтижелер - бүкіл ұжымның, әрбір кеден қызметкерлерінің жеке дара еңбегінің жемісі. Сіздердің шынайы да адал еңбектеріңіз үшін алғыс айта отырып, зор денсаулық, табыс, Қазақстан Республикасының экономикалық мүддесін қорғауда алдағы еңбектеріңізге сәттілік тілеймін», - делінген құттықтауда.