Кедендік кодекс күшіне енген соң тауар айналымы едәуір өседі - РФ Калининград облысының өнеркәсіп вице-министрі

СТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат - 2010 жылы шілденің 1-інде Беларусь, Ресей және Қазақстанның Кеден одағының Кедендік кодексі күшіне енгеннен кейін қалыптасатын жаңа экономикалық жағдайда одаққа мүше елдердің арасындағы тауар айналымы едәуір өсетін болады.

РФ Калининград облысының өнеркәсіп вице-министрі Игорь Царьков осындай пікір айтты. И.Царьков ақпанның 18-19-ында Минскіде «Ресей-Беларусь 2010. Халық тұтынатын тауарлар: жаңа келісімшарттар және сатылымның артуы» деген атаумен өтіп жатқан бизнес-форумның жұмысына қатысуда, деп хабарлайды БЕЛТА агенттігі.

Игорь Царьковтың айтуынша, бұл жаңа бірлескен өндірістер, сауда үйлерін, коммерциялық құрылымдардың өкілдерін ашуға алғышарттар жасайды. Оған қоса, бұл мәселе жаңа өндірістерді ұйымдастыруға қажетті технологиялық жабдықтарды сатып алуға және тауарларды тасымалдауға айтулы әсер ететін болады. «Бізге жұмыс істеу оңайырақ болады», - деп санайды министрдің орынбасары.