Кедендік одақ арасында заңсыз қаржы айналымына барынша тосқауыл қою керек - А. Самақова

АСТАНА.  19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Кедендік одақ арасында заңсыз ақша қаражатының айналымына барынша тосқауыл керек.

Бүгін Мәжілісте «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Айткүл Самақова осылай мәлім етті.

Депутаттың айтуынша, аталған заң жобасының өзектілігі зор. «Біз қоғам үшін аса маңызды заң жобасын дер кезінде қарап, мақұлдап жатырмыз. Өйткені, терроризм бүгінгі таңда әлемді шулатып жатыр. Өкінішке қарай біздің елімізге де келіп жетті. «Бұны кім ұйымдастырады, олар ақшаны қайдан алады» деген жұртшылық арасында көп түсініспеушіліктердің бар екендігін де жасырын емес. Сондықтан да, Кедендік одақтың арасында заңсыз ақшалай қаражаттарға барынша тосқауыл болуы шарт», - дейді А. Самақова. Оның айтуынша, аталған заң жобасы осы мәселені қарастырады.