Кедендік одақ асықпай, бірақ жедел қимылдап келеді - Қ. Келімбетов

None
АСТАНА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Кедендік одақ асықпай, бірақ жедел қимылдап келеді. Бүгін Астанада өтіп жатқан Еуразия медиа форумы барысында сөз сөйлеген Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов осындай пікір білдірді.

Сөз арасында «Бірыңғай экономикалық кеңістікке қосылғысы келетін елдерге не істеу керек?» деген сауалға тоқтала келе Қ. Келімбетов, алдымен посткеңестік кеңістікте интеграцияның түрлі кезеңдері болғанын айтты. «Біз соңғы үш жылда өте үлкен жолды жүріп өттік. Кедендік одаққа қатысты көптеген құжаттар қабылданып, ратификацияланды. 70-тен астам құжат қабылданды, олар қолданысқа еніп, ендігі күні Еуразиялық экономикалық комиссиясымен мониторинг те жүріп жатыр. Яғни, бірлестік шынайы жұмыс деңгейіне шығып, одан арғы бағытқа да аяқ басқалы тұр. Биылдың өзінде 50-ден астам құжатқа қол қойылады. Ендеше көз алдыңызға елестетіп көріңізші интеграция «пойызы» зулап барады, ал соған мүше болып, қосылғысы келгендер не істей алады?», - дейді Қ. Келімбетов.

Оның айтуынша, бірлестікке қосылу үшін сол ынталы елдің экономика деңгейі КО елдерімен сәйкес болуы керек. Екіншіден, тиісті инфрақұрылымы да сәйкес болуы шарт. Мысалы, кедендік инфрақұрылымда кедергі болмауы керек. «Сондықтан да, біз Кедендік одаққа көптеген елдердің ұмтылғанына қуаныштымыз. Украина мәселен белсенді түрде қызығушылық танытуда. Сонымен бірге, Вьетнам секілді көптеген елдер Кедендік одақпен еркін сауда аймағы туралы келісім жасағысы келеді. Бір сөзбен айтқанда осындай ауқымды нарыққа қол жеткізгісі келетін ниеттілер саны көп», - деді Қ. Келімбетов.

«Жалпы алғанда біздің одақ ашық пікір алмасуды жолға қойды. Сондықтан да, біз Еуропалық Одақ жүріп өткен жолды тез еңсердік. Түйіндей келгенде, Кедендік одақ жедел қимылдайды. Дұрысырағы асықпай, байыппен шапшаң қимылдайтын болады», - деді ол.