деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжілісте Қазақстан экономикасын дамытудың негізгі бағыттары, еліміздің басты ұлттық көрсеткіштері және әлемдік экономикадан орын алған қаржылық тұрақсыздықтың нәтижесінде жаңа ұлттық көрсеткіштерді әзірлеу мәселесі талқыланды.
ҚР Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтің айтуынша, әлемдік қаржы дағдарысы себеп болған көптеген экономикалық қауіп-қатерлерден кейін жаңадан құрылған Кедендік одақ аясында қаржы ресурстарын бақылау жұмысын ерекше назарда ұстау қажет. «Қазақстан, Ресей және Беларус елдері арасындағы өзара экономикалық кірігудің нәтижесінде жаңа қауіп-қатерлердің туындауы заңды. Осы орайда мемлекеттік активтерді бақылау бойынша бекітілген талаптар күшейтілуі тиіс. Бұл мақсатқа тиімді ғылыми зерттеу негіздемесі, толыққанды заңнама, кәсіби мамандар мен жаңа ақпараттық технологиялардың арқасында жетуге болады. Қазіргі кезде біз осы саладағы тиісті жұмыстарды атқарып келеміз», деді О. Өксікбаев.
Ертеңге дейін жалғасатын жұмыс тобының отырысы барысында ұлттық көрсеткіштерді қолдану принциптері бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстары қаралып, Ресейдің есеп палатасы әзірлеген ТМД елдері аясында маңызды ұлттық көрсеткіштердің қосалқы жобасының іске асырылуы туралы есебі тыңдалады.
Сондай-ақ отырыс барысында маңызды ұлттық көрсеткіштер жүйесін жоспарлау және енгізуге арналған «Ақ кітаптың» құрылымы талқыланып, жұмыс тобының құрамына жаңа мүшелерді қабылдау мәселесі қарастырылады.
Айта кетейік, Жоғары қаржы бақылау органдары Халықаралық ұйымының (ИНТОСАИ) маңызды ұлттық көрсеткіштер жөніндегі жұмыс тобының негізгі мақсаты - ұлттық және халықаралық деңгейде экономика, экология және әлеуметтік салалар бойынша маңызды ұлттық көрсеткіштерді әзірлеп, қолдануға жәрдемдесу. Бүгінгі таңда РФ Есеп комитеті жұмыс тобының төрағасы болып табылады. Топтың құрамына әлемнің 185-тен астам жоғары қаржы бақылау органдары кіреді.