Кедендік одақ аясында үшінші елдерден импортталатын тауарларға ғана бағаның құбылуы орын алуы мүмкін - Ө. Шөкеев
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кедендік одақ - бұл біздің ықпаластығымыздың келесі сатысы. Бұған дейін Беларус, Қазақстан, Ресей арасында еркін сауда аймағы жүзеге асқан болатын. Бұл еркін сауда аймағының мәнісі - үш ел арасында нөлдік, яғни кедендік баждың жоқ екендігін білдіреді, ал басқа елдермен әрбір елдің өзіне тән кедендік баж салығы жүйесі болды. Ал ендігі Кедендік одақ нені білдіреді дегенге келетін болсақ, үш ел арасында ешқандай да кедендік баж болмайды, ал үшінші елдерге қатысты барлық кедендік баж салығы бірыңғайланады. Яғни, бұл ретте бізге үшінші елдерден импортталатын тауарлар бағасына қатысты құбылу орын алуы мүмкін», деді Ө. Шөкеев.
Премьер-министрдің бірінші орынбасарының айтуынша, ағымдағы жылдың сәуір айында тарифтер мәселесі сараланып, оның ішінде Кедендік одақ аясындағы үш елде 40 пайызға жуық тарифтер сәйкес келетіні белгілі болған. Ал тауарлар бойынша кедендік баждың сәйкессіздігі 60 пайызды құраған. «Біз әсіресе дағдарысқа қатысты кедендік бажды төмендеткен болатынбыз. Елде тауар тапшылығы орын алмас үшін бірқатар, азық-түлік, халық тұтыну тауарларына бажды нөлге теңестірдік. Ендігі күні Қазақстан бұл кезеңді артқа тастап, өзіміздің өндірісті қалай жолға қоямыз деген мәселені қозғап отыр. Сондықтан да, 11 мың тауар тарифіне қатысты ұстанымнан шамамен алғанда 7 мыңын әбден талқыладық. Оның ішінде өзгерістердің көпшілігі өзіміздің тауар өндірушілермен, тұтынушылармен бірлесіп талқыланды. 400 тауарға қатысты ұстанымды біз жалпы кедендік тарифтен алып тастауға қол жеткіздік. Бұл алып тастаулар біздің жаңа жобаларға, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламамызға қатысты болып табылады», деді Ө. Шөкеев.