Онда Кедендік одақ елдерінің химиялық өнімдеріне қойылатын техникалық регламенттер мен талаптардың ортақ құжаттарын әзірлеу мәселелері пысықталды.
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Рыскелді Сәтбаевтың айтуынша, оның талаптарына сәйкес Беларусь, Қазақстан және Ресей елдері алдағы уақытта бірыңғай техникалық регламенттер шартымен жұмыс істейтін болады. Ал ол шарттар Еуропалық одақта қолданылып жатқан REACH техникалық регламенттерінің негізінде жасақталмақ.
Оның атап көрсеткеніндей, қазіргі уақытта Беларусь, Қазақстан және Ресей елдері арасында «Техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен ережелері туралы келісім» жасалған.
«Келісім бойынша, Кеден одағының бірінші кезекті техникалық регламенттерін әзірлеу кестесі бекітілді. Оның ішінде 47 техникалық регламент жасақтау жоспарланған», - дейді ол.
Халықаралық құжаттарды және REACH еуропалық регламентін ТМД және Кедендік одақ елдеріне енгізу мәселелерін үйлестіру үшін арнайы REACH жұмыс тобы құралған болатын. 5 және 6 қазан күндері, REACH жұмыс тобының 4-отырысы барысында химия қауіпсіздігі саласындағы нормативтік базаны жетілдіру бойынша практикалық шешімдер әзірленбек.
Екі күнге жоспарланған конференция барысында REACH регламентінің қолданысына қатысы бар Кеден одағының құжаттарын рәсімдеу, химиялық заттарды тіркеу барысындағы қиыншылықтарды, GLP ұлттық стандартын әзірлеудің халықаралық тәжірибесі және GLP-ге сәйкес зертханалардың қызметі туралы мәселелер көтеріледі деп көзделуде.
REACH (Regulation, Evaluation and Authorisation of Chemicals) - 2007 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық химиялық заттардың өндірісі мен айналымын реттейтін және міндетті түрде тіркеуді қажет ететін Еуропалық одақтың регламенті болып табылады.