Кедендік одақ комиссиясы аясында эксперттік кеңес құрылады

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Кедендік одақ комиссиясы аясында эксперттік кеңес құрылады.

Бұл туралы бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өтіп жатқан «Бірыңғай экономикалық кеңістік: Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстел барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

«Кеден одағының жоғары органы Кедендік одақ комиссиясы аясында эксперттік кеңес құрылады. Бұл жайында әріптестерімізбен келістік»,- деді ол.

Ө. Шөкеевтің айтуынша, кеңес құзіретіне КО құқықтық келісімдері базасындағы шешімдердің сәйкестігі жөніндегі мәселелер бойынша шаруашылық субъектілерінің өтініштерін қарастыру кіреді. Бұл орайда ол бизнес-қауымдастық өкілдерін аталған кеңеске мүше ретінде ұсына алатындықтарын атап өтті.

Кедендік одақтың қаңтардың 1-інен бастап үш ел арасында «шынайы іске» қосылғанын баса айтқан Ө. Шөкеев: «9 айдың қорытындысы бойынша қазақстандық өнімнің Ресей Федерациясына экспорты шикізат, өңдеу тауарлары есебінен 48 пайызға артты. Ал Беларусқа мұнай өнімдері, аллюминий есебінен екі есеге өсті»,- деді.