Кедендік одақ құрамындағы мемлекеттерге бағытталған экспорт өсті - Қаржы министрі

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кедендік одақ құрамындағы мемлекеттерге бағытталған қазақстандық экспорт өсті. Бұл туралы бүгін Астанадағы онлайн-конференция барысында Қаржы министрі Болат Жәмішев айтты.

Ведомство басшысының айтуынша, Кедендік одаққа кіргеннен бері Қазақстанның сыртқы саудасындағы құрылымы өзгере бастады. Бұл өз кезегінде экспорт көлемінің артуына ықпал етіп отыр. Сыртқы саудаға тоқталатын болсақ, үшінші елдермен де (Кедендік одаққа мүше емес елдер) болған сауда өсімі экспорт есебінен іске асырылды. «Тауар айналымы негізінен экспорт өсімі есебінен жоғарылап отыр. Экспорт өсімі 47,2 пайызды құрады (биылғы 9 айда). Негізінен бұл минералды шикізат, мұнай бойынша жасалған саудаға байланысты»,-деді Б. Жәмішев.

Оның сөзіне қарағанда, Кеден одағына кірмейтін үшінші елдерден келетін импорт 10,7 пайызға төмендеді. «Атап айтқанда, сыртқы сауда көлемі Ресеймен және Беларуспен артты. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Ресейге бағытталған қазақстандық өнім экспорты 38 пайызға өсті»,- деді Жәмішев. Осы орайда министр металдан жасалған өнімдер 2,4 есеге, химиялық өнімдер 1,4 есеге, сондай-ақ тоқыма саласы тұрығысында экспорттық өсім байқалғанын жеткізді. Ал Ресейден өз кезегінде химиялық өнеркәсіп, ағаштан жасалған өнімдерді, құрылыс материалдарын, тұтынушылық тауарлардың ішінде аяқ киім импорттының үлесі артты.