Кедендік одақ - тауарлы өндірістің қосымша шығындарын азайтуға жол ашатын ең оңтайлы қадам - Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің бастығы Жасұлан Ахметов
Осы орайда, біз еліміздің кеден саласында атқарылып жатқан мәселелер жөнінде білу мақсатында Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің бастығы Жасұлан Рамазанұлы Ахметовты сөзге тартқан едік.
- Жасұлан Рамазанұлы, мемлекет бюджетіне қомақты қаржы құйып отырған органдардың бірі кеден саласы екені белгілі. Астана қалалық департаменті осы міндетті қалай атқаруда?
- Бүгінде кеден саласында кеден процедураларын оңтайландыру, құжаттарды рәсімдеу, кедендегі өткізу шараларын жеңілдету сияқты бағыттарда үлкен жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінен болар, біздің сала бойынша мемлекет бюджетіне түсетін кірістер көлемі артып келеді. Айталық, Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаменті биылғы жылдың 9 айында бюджетке кедендік төлемдер мен салықтардан 41 миллиард 965 миллион теңге өндірді. Біздің департаменттің жеке құрамында 362 қызметкер бар. Бұл дегеніңіз біздің әрбір кеденшіміз мемлекетке 116 миллион теңгеден астам қаржы өндірді деген сөз.
- 2011 жыл түрлі саяси оқиғаларға толы жыл болды. Солардың бірі биылғы жылы қызметі жолға қойылған Кедендік Одақ. Ендеше осы ұйымның қызметінен нендей жаңалықтар күтуге болады?
- Кедендік одаққа мүше болу дегеніміз, бірлесе отырып, одаққа мүше елдердің экономикалық әлеуетті нығайтып, бәсекелес орта қалыптастыру болып табылады. Сонымен қатар осы ұйым қызметі елімізге инвестиция тартып, сауда саясатын өзге елдермен тең дәрежеде жүргізуге ықпал етеді. Сондай-ақ осы ұйым шеңберінде қолға алынып отырған бірыңғай кедендік аймақ құру - Кедендік одақ аясында бірыңғай тарифтік жүйені және тарифке жатпайтын реттеулерді іске қосып, мемлекеттер арасындағы шекараларда мемлекеттік бақылаулардың барлық түрлерін алып тастайды. Нәтижесінде Кеден одағына кіретін мемлекеттер үшін де, одан тысқары жатқан кейбір мемлекеттер үшін де тауар айналымы жеделдетіліп, өндірілген өнімді сатуға деген мүмкіндік кеңейеді. Сондай-ақ Кедендік одақ тауарлы өндірістің қосымша шығындарын азайтуға жол ашатын ең оңтайлы қадам. Кедендік одақ тең тұрғыда келісіп, бір ортақ шешім қабылдайтын ұйым.
- Кәсіпкерлікті дамыту мемлекет ұстанып отырған саясаттың басым бағыты. Кеден саласы кәсіпкерлермен тығыз байланыста жұмыс істейтін орган ретінде осы саланың дамуына ықпал ете алды ма ?
- Бұл ретте айта кететін басты мәселелердің бірі - біз қазір кедендік рәсімдерді жеңілдетуге барынша күш салып отырмыз. Сонымен қатар сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға ыңғайлы жағдайлар жасап, мемлекеттік орган өкілдері мен кәсіпкерлер арасындағы диалогты қалыптастыру да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Бұған қоса айта кететін мәселе - бүгінде декларацияны қабылдау шаралары "Веб декларант» интернет желісі арқылы да атқарылатын болды. Бізде сонымен қатар кәсіпкерлер мен кеден қызметкерлері арасында тұрақты түрде дөңгелек үстелдер, департамент жанынан құрылған консультативті кеңестер өтіп тұрады. Бұл отырыстарда кәсіпкерлер өз қызметтеріне қатысты мәселелер жөнінде сұрап-біліп, оларды шешу жөніндегі өздерінің ұсыныстарын жеткізе алады. Бұған қоса, әрбір кеден бекеттерінде көшпелі отырыстар ұйымдастырылып тұрады. Кеден органы мен кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жетілдіруде кеден органдарының құрылғанына 20 жыл толу мерекесі қарсаңында «Жылдың үздік уақытша сақтау қоймасы» атты байқау ұйымдастырылды. Осының барлығы кеденші мен кәсіпкер арасындағы қарым-қатынасты дамытуға бағытталған игі істер.
- Бүгінгі қоғамда орын алып отырған ең өзекті деген мәселенің бірі - сыбайлас жемқорлықпен байланысты. Сіздердің ведомстволарыңызда бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүзеге асырылуда?
- Жемқорлық - бүгінде кеден саласы бойынша да ерекше назарда тұрған мәселелердің бірі. Біздің астаналық Кедендік бақылау департаментінің Ішкі қауіпсіздік қызметі жемқорлықтың алдын алу мақсатында тұрақты түрде қызметкерлер арасында сауалнамалар жүргізіп, дәрістер өткізіп тұрады. Жыл басынан бері 28 қызметкер тәртіптік жауапқа тартылды. Ішкі қауіпсіздік қызметі еліміздің және шет мемлекеттердің азаматтарының өтініштері мен арыздарын да назардан қалдырған емес. Биылғы жылдың 11 айында осындай 13 жеке және заңды тұлғалардың өтініштері қаралды.
- Контрабандамен күрес бағытында нендей жетістіктер бар?
-Жыл басынан бері Астана қалалық кедендік бақылау департаментінің Контрабандамен күрес басқармасы 12 қылмыстық іс қозғады. Бұл қылмыстардың салдарынан мемлекетке келген шығын 408 миллион 882 мың теңгені құрады. Сонымен бірге әкімшілік құқықбұзушылықтың 701 дерегі анықталып, 508 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде 332 іс сотқа жолданып, 175 істі департамент өкілдері қарады. Әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты сот және кеден органдарымен жалпы көлемі 159 миллион 562 мың теңгенің айыппұлы салынып, бюджетке 50 млн. 271 мың теңге айыппұл өндірілді.