Кедендік одаққа қатысты мәселелердің құпия түрде шешілуі мүмкін емес - вице-министр

аурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Кедендік одаққа қатысты мәселелердің құпия түрде шешілуі мүмкін емес. Себебі оған қатысты ең негізгі деген мәселелердің барлығы мемлекетаралық келісімдер арқылы жүзеге асады. Ал Қазақстан заңдары бойынша барлық халықаралық келісімдер Парламентте ратификациялануы тиіс.

Яғни Үкімет мұндай мәселелер бойынша жабық түрде қандай да бір шешім қабылдай алмайды. Бұл туралы бүгін он-лайн режимінде өткен конференция барысында Экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, Парламентте қаралуы тиіс деп отырғанымыз -негізінен нақты шешім қабылдануы керек мәселелер. Ал оған дейін ол мәселелердің барлығы бизнес қауымдастықтарымен талқыланды. «Біз ақпаратты осы қауымдастық өкілдерінен аламыз. Біз өз еркімізбен бизнес үшін ненің тиімді, ненің тиімсіз екенін нақты анықтай алмаймыз. Сондықтан тиісті сала мамандарының пікірін білу маңызды. Біз олармен қашанда кеңесуге тырысамыз. Сондықтан қазір қоғамның басты назарында тұрған Кедендік одаққа қатысты мәселелер көпшілік назарынан тыс талқылануда деген пікір шындыққа жанаспайды», деді вице-министр.