«Егемен Қазақстан» газетінің бірінші бетінде «Кедендік одаққа қызығушылық танытқандар қатары артып келеді» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Мақалаға Елбасының Мәскеудің орталық атшабарының 175 жылдық мерейтойы шарасына қатысуы және ТМД елдерінің Мемлекет басшыларымен арадағы бейресми кездесулері арқау болған. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей басшысы Дмитрий Медведевтің АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесуі, сонымен қатар «үлкен сегіздіктің» Италиядағы саммиті табысты болғанын атап өтіп, Қазақстан, Ресей және Беларус арасындағы Кедендік одақтың маңыздылығына тоқталды. Қазіргі кезде біздің елдер арасындағы нөмірі біріші мәселе - ол Кедендік одақ деді осы жайлы Елбасы», деп жазады «Егемен Қазақстанның» тілшісі.
Сонымен қатар, мақалада Елбасының Кедендік одаққа қазірдің өзінде ТМД-ның бірқатар елдері қызығушылық танытып отырғандығы, ағымдағы жылы қыркүйекте Орынборда шекаралас аймақтар басшыларының кездесуі өтетіндігі айтылған. Сондай-ақ, мақалада шілденің соңында Қырғызстанда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының отырысы және биыл Молдовада ТМД-ның саммиті өтетіндігі айтылған.
Сонымен қатар газет Мемлекет басшыларының бейресми кездесуіне ұйытқы болған ат жарысына да көңіл бөлген.
«Егемен Қазақстан» газетінің екінші бетінде Сенат депутаты, экономика ғылымының докторы, профессор Бақберген Доспанбетовтың «Елдестірген Елбасы» атты мақаласы жарық көрген. Мақала авторы «Елбасымыз әлемнің әлеуетті мемлекеттерін сапарлағанда алақан жайып, көмек сұрап, ешкімнің алдына түсіп жүгірген жоқ. Керісінше, мейманасы тасқан менмен мемлекеттердің кейбіріне «жалғыз шауып ешкімнің де бәйге алмайтынын», әлемнің тұтас тағдыры өркениетті елдер ғана емес, дамушы мемлекеттердің эволюциялық даму деңгейіне де қатысты екенін, Оңтүстік Африкада етек алған СПИД дертінің АҚШ-ты айналып өтпейтінін, Ауғанстанды жайлаған лаңкестіктің Ресейдің де ұйытқысын бұзатынын, Суданда сіңірін созған аштықтың банктер ордасы - Швейцарияның шырқын кетіретінін іскерлік ұсыныстарымен ұғындыруға, тең әріптестік тұжырымдамасымен түсіндіруге ұмтылды», дейді.
Басылымның 3-4-ші беттерінде Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туалы кодексіне өзгерістер енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жедел-іздестіру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбр заңнамалық актілеріне қала құрылысын жоспарлаған, жер учаскелерін бөлген, құрылысты жобалаған және салған кезде су қорғау және табиғат қорғау тәртібін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары берілген.
Газеттің 5-6 беттерінде «Қазақ ұлтын қалай қалыптастырамыз?» деген тақырыппен Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Берік Әбдіғалимен арадағы көлемді сұхбат басылған.
«Мемлекет қаржысын талан-таражға салған қай әкім?». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде көлемді мақала жарияланған. «Осы тұста «Жол картасын» орындауда ақылға сыймас бір кереғарлық орын алғандығы әшкереленді. Мәселен, әкімдер жаңа жұмыс орындарын өздерінен талап етілген көлемде ашқан, бірақ ол қызметті атқаратын адамдарды таппаған, сөйтіп, жаңа жұмыс орындары «ваканция» түрінде бос тұр екен!» дейді басылым тілшісі.
Басылымның 3-ші бетіне «Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталығы» Ұлттық медициналық холдингі» АҚ-ның бас директоры, профессор Серік Ақшолақовпен арадағы сұхбат берілген. Сұхбатқа ашылғанына жуырда ғана 1 жыл толған республикалық нейрохирургиялық орталықтың осы уақыт аралығында атқарған жұмыстары, мамандардың күрделі операцияларды жасап үйренуі, кадр мәселесі, таяу арада ашылған Қазақстандағы тұңғыш оңалту бөлімінің жұмыс барысы өзек болған.
«Жол картасы» Жайық бойындағы көптеген игі іске мұрындық болуда». Осы тақырыппен «Айқынның» 7-ші бетінде жарық көрген мақалада өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде Орал өңірінде болған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметовтің жұмыс сапары жан-жақты баяндалады.