Басқаша айтқанда, бұл салада үш ел бірдей бағынатын бір заң қажет. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Ғабит Мұхамбетов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, Ресей, Беларус және Қазақстан мемлекеттері өз алдына жеке дербес ел болған соң бір-бірінен біршама алыстап кетті. Осыған қарай қазір әр елдің әр деңгейдегі өзінің талаптары бар. «Сондықтан біздің отандық кейбір өнімдеріміз Ресей мен Беларус елдерінің нарығына жете алмай отыр. Біздің тауарларымыз аталған мемлекеттерге бару үшін арнайы сертификаттау шараларынан өтуі қажет. Оның барлығы сол елдерге жеткізілетін өнімнің бағасына әсер етеді. Сөйтіп, бағасы қымбат тауар ешкімді де қызықтырмайтын болады. Қазіргі таңда Ресейде міндетті түрде сертификаттауға жататын өнім түрлері 2,5 мыңды құрайды. Беларуста ол 1,5 мың. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 812-ні құрайды. Осыған байланысты қазір үш мемлекеттің де басшылары бізге осыған дейін еркін экономикалық кеңістік аясында, ал қазір Кедендік одақ аясында сауда саласындағы кедергілердің барлығын жоюды тапсырып отыр», - деді комитет төрағасы.
Оның айтуынша, үш елдің өкілдері осы мақсатта арнайы келісім жасап, оны ратификациялаған. Сөйтіп, үш елде бірдей сертификаттауға жататын тауарлардың тізімі жасалған. Оған сәйкес, үш елде бірдей қолдануға болатын сертификат дайындалды. «Сонымен қатар Кедендік одақтың бірыңғай реестрін жасадық. Енді қазақстандық кәсіпкер сертификаттау органдарына хабарласып, бірыңғай үлгідегі сертификатты алады да емін-еркін Ресей мен Беларус мемлекеттерінің нарығына тауарын тасымалдай береді. Бүгінгі таңда бұл міндет толығымен орындалды. Енді бізге Кедендік одаққа мүше мемлекеттер арасында техникалық регламенттеудің бірыңғай принциптері мен тәртібін енгізу қажет»,- деді Ғ.Мұхамбетов.