Кедендік одақта Қазақстанның экспорты артып келеді - ҚР Статистика агенттігі

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгінде Кедендік одақ аймағында Қазақстанның экспорты өсіп, импорты төмендеп келеді.

Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті.

Оның хабарлауынша, қаңтар-наурыз айларында Кедендік одақ ішіндегі өзара сауда-саттықтың жалпы көлемі 5 млрд. 112 млн. долларды құрады. Бұл өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда, 5 пайызға төмен. «Соған қарамастан, Кедендік одақта Қазақстанның экспорты 4,6 пайызға өсіп, 1 млрд. 649 млн. долларға көтерілді. Ал импорт 8,8 пайызға азайды. Бүгінде ол көрсеткіш 3 млрд. 462 млн. долларды құрап отыр. Демек, одаққа мүше елдермен жүргізіп жатқан өзара сауда-саттық саласында біз үшін оң өзгеріс байқалып жатыр. Экспорт өсіп, импорт төмендеп келеді», - дейді Ә.Смайылов.