Кедендік одақтың 2011-2015 жылдарға арналған Бірыңғай техникалық реттеу жүйесін дамыту стратегиясының жобасы әзірленді

None
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Астанада Кедендік одақ комиссиясының уақытша жұмыс тобының қорытынды отырысы өтті. Отырыс нәтижесі бойынша Кедендік одақтың 2011-2015 жылдарға арналған Бірыңғай техникалық реттеу жүйесін дамыту стратегиясының жобасы әзірленді.

Кедендік одақ аясындағы санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық іс-шараларды қолдану стратегиясының жобасы Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Кедендік одақ аумағында тауар мен өнімдердің емін-еркін қозғалуына жағдай жасауға, сондай-ақ одаққа мүше үш ел арасындағы өзара бәсекелестікті арттыру арқылы Дүниежүзі сауда ұйымына кіруге көмектеспек. Стратегияның негізгі тетіктері қолайлы макроэкономикалық жағдайды жасауды, бизнес ортаны жақсартуды, инвестицияларды тартуды, техникалық жаңартуды, ұлттық инновациялық жүйелерді дамытуды, сондай-ақ адам капиталының сапасын көтеруді көздейді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Садуақасов атап көрсеткендей, осы уақытқа дейін үш елдің өкілетті органдары Кедендік одақ аясында техникалық реттеудің бірыңғай тізімі бойынша ортақ шешімге келген болатын. «Ал бүгінгі жұмыс тобының негізгі мақсаты - санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық іс-шараларды бірізге түсіріп, Бірыңғай жүйені дамытудың стратегиясын белгілеу. Мәселен, біздің сала бойынша үш елдің техникалық көрсеткіштері бірдей болса да, ғылыми зерттеу әдістері әртүрлі болып келеді. Міне, осы сияқты мәселелерді шешу жұмыс тобының негізгі мақсаты»,-деді Н. Садуақасов.

Айта кетейік, Мәскеу қаласында қаңтардың 26-27 күндері өтетін Кедендік одақтың үйлестіру комитеті аталған құжатты талқылайтын болады. Осыдан кейін стратегияның жобасы Кедендік одақ комиссиясының қарауына жіберіледі.