Кедендік рәсімдерді оңайлатуға бағытталған конвенция қабылданды

None
АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Кедендік рәсімді оңайлату мен үйлестіру туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
Енді аталған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасы Қазақстанның алдағы уақытта ДСҰ-ға кіруі мен әлемдік саудаға барынша ықпалдасуы жағдайында кеден ісі саласындағы халықаралық стандарттарды енгізу мақсатында әзірленген. Ал конвенция Дүниежүзілік кеден ұйымы шеңберінде қабылданған мемлекетаралық сипаттағы әмбебап халықаралық шарт болып табылады. Бүгінгі күні әлемнің 174 мемлекеті осы ұйымның қатысушылары болып табылса, олардың ішіндегі 59 мемлекет пен Еуропалық одақ аталған конвенцияны қабылдаған. Сонымен бірге, тек жекелеген мемлекеттер ғана емес, экономикалық қауымдастықтар, кедендік одақтар осы келісімнің қатысушылары бола алады. Конвенцияның негізгі мақсаттары ? оңайлатылған стандарттық кедендік ережелер мен рәсімдерді қабылдау, ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу. Сондай-ақ, құжатта сыртқы экономикалық қызметтің адал ниетті қатысушыларымен әріптестік қатынастар орнату жолымен әлемдік сауданы дамыту шаралары қарастырылған.