Кедендіктер ел аумағынан заңсыз ақша алып шықпақ болған азаматшаны ұстады

АЛМАТЫ. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Қалалық  кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері Алматы халықаралық әуежайында кедендік бақылаудан өткеннен кейін  «Алматы - Шарджа» әуе рейсін тіркеу барысында 1980 жылы туылған бір азаматшаны ұстады.

Күдіктінің  жүктеріне тексеру кезінде қол сөмкесінің ішінен кедендік рәсімдеуден  өтпеген 2 073 680 теңгені құрайтын шетел валютасы (14  мың АҚШ доллары)  табылды. Департаменттің баспасөз хатшысы Гүлнар Тұрымтайдың айтуынша, заңсыз ірі мөлшерде шетел валютасын алып өтпекші болған қазақстандық  азаматшаға енді ҚР Қылмыстық кодексі  209-бабының 1-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалмақ.

Бұған дейін кеденшілер 15 ақпанда  жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Алматы халықаралық әуежайында кедендік бақылаудан өткеннен кейін «Алматы-Бейжің» бағытындағы әуе рейсін тіркеу барысында 1980 жылы туылған тағы бір қазақстандық азаматты ұстаған болатын. Оның жүктерін қайта тексеру кезінде кедендік  рәсімдеуден өтпеген 3 116 459,6  теңгені құрайтын шетел валютасы (20 338  АҚШ доллары мен  4 200 Қытай юаны) табылған болатын.