Кеденшілер 2011 жылы ел бюджетін 966 млрд. теңге көлемдегі түсімдермен толықтыру міндетін белгіледі

None
АСТАНА. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2010 жылы Қазақстанның кеден органдары ел бюджетіне 722,9 млрд. теңге көлемінде түсім түсірді. Кеденшілер ағымдағы жылғы жоспарды 966 млрд. теңге көлемінде орындауды көздеп отыр.

Бүгін ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінде ведомствоның өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Комитет төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейіспеков атап көрсеткендей, 2010 жылы ел бюджетіне түскен түсімдер оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 147,5 млрд. теңге артық болды. Оның сөзіне қарағанда, кеденшілерге жоспарды 113 пайызға артық орындауға 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кедендік одақ шеңберінде енгізілген бірыңғай тарифтер септігін тигізген. «Олар Қазақстан Республикасында бұған дейін болған тарифтерден әлдеқайда жоғары», деді ол.

Комитет өкілінің айтуынша, жылдың екінші жартысынан бастап Ресей және Беларус елдерінен жеткізілген тауарларға әкімшілендіру жүргізілмегеніне қарамастан, Қазақстанда кедендік әкімшілендіру жүйесіндегі жұмыстардың жетілдірілуі нәтижесінде ел бюджетін түсімдермен толықтыру міндеті орындалды.

«Ал 2011 жылы болжам бойынша 966 млрд. теңге көлемінде алым жинаймыз деп жоспарлап отырмыз», - деді ол. Кеденшілер, бұл межені ең алдымен, сыртқы экономикалық қызметті белсендіру нәтижесінде орындауды көздеп отыр.