Кеденшілер 52 млн. теңгені құрайтын контрабандалық тауардың жолын кесті
Келтірілген деректерге қарағанда, халық тұтынатын тауарлар Түркиядан Қазақстан азаматының атына әкелініп, Жамбыл облысындағы Кедендік бақылау департаментінің қызмет аймағында ресімделген. Ал Түркия кеден органдарынан алынған экспорттық декларацияларды облыстық кеден департементінде ресімделген импорттық декларациялармен салыстырған кезде мәлімделген кедендік құнда, атауында және ресімделген тауарлардың санында елеулі айырмашылықтар анықталған.
«Мамандар қорытындысына сәйкес декларацияланбаған тауарлардың кедендік құнының сомасы 51 млн. 957 мың 135 теңгені құрады, нәтижесінде мемлекетке келтірілген зиянның сомасы 18 млн. 796 мың. 168 теңгеге жетіп отыр. Осыған орай, экономикалық контрабанда фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде», - делінген баспасөз баянында.
Тоқтала кететін жайт, ағымдағы жыл басынан бері Қазақстан Республикасының кеден органдары экономикалық контрабанда фактісі бойынша 375 қылмыстық іс қозғаған. Қозғалған қылмыстық істер бойынша тауарлардың жалпы сомасы 9 млрд. 565 млн. теңгені құрап, мемлекетке 832 млн. теңге сомасына зиян келтірілгені белгілі болды.