Кеденшілер Ресей Федерациясына 6 киләға жуық есірткі затын алып өтпек болған азаматты құрықтады

АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат - Кеденшілер Қарағанды қаласынан Ресей Федерациясына 6 киләға жуық героинды тасымалдамақ болғандардың жолын кесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Кедендік бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Таратылған ақпаратқа сәйкес, Павлодар облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері қызметтік-іздестіруші иттің көмегімен «Үрлітөбе» кеден бекетінде Қарағанды-Омбы бағытында бет алған «Мерседес-Бенц» автокөлігін тексеру кезінде, машинаның алдыңғы шынысының декоративті жабындысы астына мұқият жасырылған полиэтиленді 18 пакетті тапқан.

Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, ерекше иісі бар зат - героин болып табылады. Жалпы салмағы - 5,9 килә.

Қазір аталмыш факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 250-ші бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдікті - 1967 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматы, Павлодар қаласы Ішкі істер басқармасының уақытша ұстау абақтысына жабылды.