«Кедентранссервис» АҚ-ның вице-президенті қамалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Кедентранссервис» АҚ вице-президенті Ғалым Мұқанов пен компанияның тағы бір қызметкері Дулат Уваев қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Астана қаласының Есіл аудандық №2 сотының 2018 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен Ғалым Қаскербайұлы Мұқанов, Дулат Серікұлы Уваевқа қатысты екі ай мерзімге шейін қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды», - деп мәлімдеді баспасөз қызметі.

Хабарларға қарағанда, Ғалым Мұқанов 2017 жылғы ақпаннан бері вице-президент лауазымын атқарып келген. Еңбек жолын 1999 жылы Астана стансасында жылумен қамту шебері ретінде бастаған. Әр жылдарда жеке секторда, «Қазақстан темір жолы» РМК құрылымында жұмыс істеген. 2011 жылдан бері «Кедентранссервис» АҚ-та түрлі лауазымдарды атқарып келген.