Бұл туралы бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының басшысы Әсел Жүнісова мәлім етті.
«Биылдан бастап, «Нұр Отан» партиясы «Кедергісіз келешек» бағдарламасын белсенді қолға алуда. Осы жобаның аясында 3 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам мемлекеттік органдар мен партияның, азаматтық қоғамның күш салуымен жұмысқа орналастырылды. Жыл соңына дейін Қазақстанда 440 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді. Жоспар бойынша, 6 мыңға жуық кембағал жан жұмыс табады деп отырмыз. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз ортаны қалыптастыруға, инклюзивті білім беру, қоғамда ниеттестік рухын қалыптастыруға атсалысатын боламыз», - деді Ә.Жүнісова.
«Нұр Отан» партиясының - «Кедергісіз келешек» жобасы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталғаны аян. Аталған жобаны төрт бағыт бойынша жүзеге асыру жоспарланған: мүгедектерді тұрақты еңбек орнына жұмысқа тұрғызу; мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісі жоқ жағдай жасау; қоғам мен бизнестің назарын мүгедектердің мәселесіне аударуға бағытталған тұрғындарды ақпараттандыру жұмысын күшейту; мүгедектердің құқығын тиімді жүзеге асыратын құқықтық алаң құру.