Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстандағы кедейлік деңгейі 5%-ды құрады. 2026 жылдың екінші тоқсанында да табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі өзгерген жоқ. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 5,2% болған. Демек, соңғы бес жылда ресми кедейлік деңгейі айтарлықтай өзгермеген.
Биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша, елімізде 1 млн 34 мың адам немесе 172 518 үй шаруашылығы кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр.
Өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында тіркелген — 8,4%. Одан кейін Абай облысы — 7,6%, Жетісу облысы — 7,2%. Ал ең төменгі көрсеткіш Астанада — 2,9%, Қарағанды облысында — 3% және Атырау облысында — 3,2%.
Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық та айқын. Қалаларда кедейлік деңгейі 3,7% болса, ауылдық жерлерде 7,4%-ға жеткен. Бұдан біз ауыл тұрғындарының кедейлікке ұшырау үлесі қалалықтармен салыстырғанда екі есе жоғары екенін байқап отырмыз. Әсіресе Ақтөбе облысының ауылдарында жағдай күрделі. Мұнда кедейлік деңгейі 11,1%-ды құраған. Түркістан облысының ауылдарында бұл көрсеткіш 10%, Жетісу облысында 9,2% болған.
Бірақ ресми статистика халықтың тұрмыс жағдайын толық көрсете ала ма?
Кедейлік тек табыспен өлшене ме
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты Әлеуметтану орталығының жетекшісі, Нархоз университетінің ассистент-профессоры, PhD Шырын Тленчиеваның айтуынша, кедейлікті тек табыс деңгейімен өлшеу жеткіліксіз.
— Адамның қанша табыс табатыны мен сол табыс арқылы қандай өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алатыны екі түрлі мәселе. Ресми статистика кедейліктің ең төменгі материалдық шегін анықтауға мүмкіндік береді. Бірақ ол экономикалық тұрғыдан осал адамдардың барлығын бірдей қамтымайды. Мысалы, отбасының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары болуы мүмкін. Бірақ оның басым бөлігі пәтерақыға, несиеге, азық-түлік пен коммуналдық төлемдерге жұмсалса, қолда қалатын қаражат азаяды. Мұндай отбасы ресми түрде кедей саналмағанымен, қаржылық қиындыққа тап болуы мүмкін, — дейді спикер.
Шырын Тленчиева кедейлікті бағалағанда міндетті шығындардан кейін қалатын табысты, жинақ қаражатының бар-жоғын, тұрғын үй жағдайын, медициналық және білім беру қызметтеріне қолжетімділікті де ескеру қажет деп есептейді. Оның айтуынша, адамның тұрақты жұмысы мен табысының болуы қаржылық қиындық көрмейтініне кепілдік бермейді.
Жалақы бар, жинақ жоқ
Сарапшының пікірінше, бүгінде тұрақты жұмысы, тіпті жоғары білімі бар адамдардың арасында да күнделікті қажеттіліктерін өтеуге қиналатындар кездеседі. Мұның себебін тек жалақының төмендігімен түсіндіру жеткіліксіз. Отбасының тұрмыс деңгейіне сатып алу қабілеті, отбасы мүшелерінің саны және күнделікті шығындары да әсер етеді.
— Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы медианалық жалақы 317 512 теңгені құрады. Бұл қызметкерлердің жартысы осы сомадан төмен, қалған жартысы жоғары жалақы алғанын білдіреді. Сонымен қатар орташа номиналды жалақы өскенімен, нақты жалақы жылдық есепте 1,8 пайызға төмендеді. Яғни жалақының ақшалай көлемінің өсуі әрдайым халықтың сатып алу қабілетінің артқанын білдірмейді, — дейді Шырын Тленчиева.
Оның айтуынша, бір адамның жалақысына бірнеше отбасы мүшесі тәуелді болса немесе табыстың басым бөлігі баспана мен күнделікті қажеттіліктерге жұмсалса, жинақ жасау қиындайды. Мұндай отбасылар күтпеген шығын туындағанда қаржылық қиындыққа тап болуы мүмкін.
— Біздің институт жүргізген әлеуметтанулық зерттеуге сәйкес, айына 100 мың теңгеден аз табатындардың 50,5 пайызында жинақ ақша жоқ. Ал 700–900 мың теңге табатындар арасында бұл көрсеткіш 20,3 пайызды құрайды. Бұдан біз табысы төмен адамдардың күнделікті қажеттіліктерін өтеу мүмкіндігі ғана емес, күтпеген жағдайларға төтеп беру әлеуеті де шектеулі екенін де көреміз, — деді ол.
Қарыз кедейліктен құтқара ма, әлде ушықтыра ма
Жинақ қаражаты жоқ отбасылар үшін күтпеген шығынның өзі үлкен қиындық тудыруы мүмкін. Мұндай жағдайда кейбірі несие алуға немесе таныстарынан қарыз сұрауға мәжбүр болады. Шырын Тленчиеваның айтуынша, қарыз алу отбасының қаржылық жағдайын уақытша жеңілдеткенімен, оны өтеу қажеттілігі кейін қосымша ауыртпалық түсіруі мүмкін.
— Несиеге тәуелділік кедейліктің әрі салдары, әрі оны тереңдететін себептердің бірі болуы мүмкін. Бұл жерде ең алдымен несиенің қандай мақсатта алынатынына назар аудару қажет. Егер адам несие арқылы білім алуға, кәсібін дамытуға немесе ұзақ мерзімді қажеттіліктерін қаржыландыруға мүмкіндік алса, қарыз белгілі бір деңгейде экономикалық ресурс қызметін атқара алады. Ал несие азық-түлік сатып алу, коммуналдық төлемдерді өтеу немесе бұрынғы қарызды жабу үшін жүйелі түрде пайдаланылса, бұл отбасының қаржылық осалдығын көрсетеді, — деді ол.
Сарапшының бұл пікірін институт жүргізген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері де толықтыра түседі. Атап айтқанда, азық-түлікке ақшасы жетпейтін респонденттердің 35,1 пайызы соңғы 12 айда банктерден немесе қаржы ұйымдарынан жиі несие алған. Ал азық-түлік пен киімге қаражаты жеткенімен, тұрмыстық техника сатып алуға мүмкіндігі жоқ адамдар арасында бұл көрсеткіш 14,7 пайызды құраған.
— Таныстарынан немесе жеке адамдардан қарыз алатындардың үлесінде де айырмашылық байқалады. Мәселен, азық-түлікке қаражаты үнемі жете бермейтін респонденттердің 37,8 пайызы соңғы бір жылда осындай жолмен жиі қарыз алғанын айтқан, — деді спикер.
Бұл деректер тұрмысы төмен адамдардың қаржылық қиындықтарды еңсеру үшін қарызға жиірек жүгінетінін көрсетеді. Бірақ қарыз алу табыс тапшылығының себебін жоймайды. Керісінше, Шырын Тленчиеваның сөзінше, оны қайтаруға жұмсалатын қаражат отбасының күнделікті шығындарын өтеу мүмкіндігін одан әрі шектеуі мүмкін.
Дегенмен сарапшы барлық несие алушыны кедей немесе қаржылық тәуелді адам деп қарастыруға болмайтынын ескертеді. Негізгі мәселе — қарыздың қандай мақсатқа алынғаны және отбасының оны өтеуге мүмкіндігі бар-жоғы.
Бала күтімі аналардың еңбек ету мүмкіндігін қалай шектейді
Қаржылық қиындықтың бәрі жалақының аздығынан немесе қарыздан туындамайды. Кейде отбасының тұрмысын баланың денсаулығына байланысты шығындар да ауырлатуы мүмкін.
NARXOZ университетінің «Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасының ассистент-профессоры, PhD Әйгерім Жақыпбек кедейліктің көзге көріне бермейтін мысалы ретінде мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды атайды. Жақында ол Түркістан облысында осындай балалардың ата-аналарымен фокус-топ өткізіп, олардың күнделікті тұрмыста кездесетін қиындықтарын зерттеген.
Оның айтуынша, мүгедектігі бар баланың күтімі отбасын біртіндеп кедейлікке әкелуі мүмкін. Көп жағдайда анасы баласына қарау үшін жұмысқа шыға алмайды. Сөйтіп, отбасы бір адамның табысына тәуелді болып қалады. Ал шығын азаймайды, керісінше көбейеді.
— Памперс, дәрі, массаж, ақылы логопед пен дефектолог қажет. Ауылда маман мен оңалту орталығы жоқ болғандықтан, ата-аналар баласын көтеріп облыс, аудан орталықтарына, Шымкентке, Алматыға, Астанаға жол жүреді. Бір ана мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы бір айлық дәріге де жетпейтінін айтты, — дейді Әйгерім Жақыпбек.
Зерттеушінің айтуынша, мұндай отбасылардың материалдық жағдайына тұрғылықты жері де әсер етеді. Қалада қолжетімді медициналық және оңалту қызметтерінің бір бөлігі ауылда жоқ.
— Кейбір елді мекендерде невропатолог маманның өзі бола бермейді. Ата-аналар оңалту орталықтарында бір палатада 18 адам жататын жағдайлар кездесетінін де айтты. Бұған құжат рәсімдеудегі қиындықтар қосылады. Кейде қажетті құжаттарды жинау бір жылға дейін созылады, ал ата-аналардың бәрі бірдей өз құқықтарын біле бермейді, — деді ол.
Осылайша, отбасының қаржылық жағдайына тек табыс мөлшері емес, қажетті медициналық және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі де әсер етеді. Сарапшының пікірінше, қажетті ақпарат пен әлеуметтік қызметтерге қол жеткізе алмау да кедейліктің бір көрінісі. Өйткені табысы бірдей екі отбасының мүмкіндігі әртүрлі болуы мүмкін. Бірі қажетті қызметті тұрғылықты жерінде алса, екіншісі оған жету үшін жолға, уақытша баспанаға және басқа да қажеттіліктерге қосымша қаражат жұмсайды.
Бірақ мұндай отбасылар үшін бүгінгі шығыннан бөлек, болашақтағы қаржылық жағдай да маңызды мәселе болып отыр. Баласына ұзақ жыл күтім жасаған ананың тұрақты жұмысы мен жеткілікті зейнетақы жинағы болмауы мүмкін.
— Қазақ отбасында қартайған ата-ананы балалары бағады. Ал бұл аналардың баласы өзі күтімге мұқтаж. Мұндай әйелдердің қартайғанда жинақсыз, қамқорлықсыз, оқшау қалу қаупі жоғары болып тұр. Бұл бүгінгі кедейлік қана емес, ертеңгі кедейліктің де белгісі, — дейді Әйгерім Жақыпбек.
Сарапшының бұл пікірі кедейліктің ұзақ мерзімді салдарына назар аудартады. Баласына күтім жасау үшін жылдар бойы жұмыс істей алмаған ананың табыс табу, кәсіби біліктілігін арттыру және зейнетақы жинағын қалыптастыру мүмкіндігі шектеледі. Соның салдарынан отбасының бүгінгі қаржылық қиындығы болашақта да жалғасуы мүмкін.
Кедейлікті азайту үшін не істеу керек
Қаржылық қиындықтың ұзаққа созылуы адамның болашаққа жоспар құру мүмкіндігін де шектейді. Шырын Тленчиеваның айтуынша, табысы күнделікті қажеттіліктерінен артылмайтын адамдар үшін жаңа мамандық игеру, кәсіп бастау немесе жинақ қалыптастыру қиынға соғады.
— Кедейлікті азайту үшін ең алдымен тұрақты әрі лайықты еңбекақы төленетін жұмыс орындарын көбейту қажет. Әсіресе өңірлерде халықтың бір ғана табыс көзіне тәуелділігін азайту маңызды. Сонымен қатар баспананың қолжетімділігін арттырып, білім беру мен медициналық қызметтердің сапасындағы өңірлік және әлеуметтік айырмашылықтарды қысқарту керек. Халықтың қарыз жүктемесін азайту, жинақ жасауына жағдай туғызу да маңызды, — дейді ол.
Ал Әйгерім Жақыпбек әлеуметтік қолдау көрсеткенде әр отбасының жағдайын, әсіресе баласына күтім жасауға байланысты жұмыс істей алмайтын ата-аналардың қажеттіліктерін ескеруді ұсынады.
Екі сарапшының пікірінен шығатын ортақ тұжырым — кедейлікпен күрес жәрдемақы төлеумен ғана шектелмеуі тиіс. Қазақстанда кедейлік деңгейі соңғы бес жылда 5 пайыз шамасында сақталып отыр. Бірақ бұл көрсеткіш күнделікті шығындарын өтеуге қиналатын отбасылардың бәрінің жағдайын толық көрсете бермейді. Сондықтан кедейлікті азайту үшін адамдардың тұрақты табыс табуына, қажетті қызметтерге қол жеткізуіне және тұрмысын жақсартуына жағдай жасау маңызды.