Кеген ауданының бөлім бастығы 1 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталды

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Кеген ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысын жемқорлық фактісі бойынша ұстады.

Ол 2022 жылғы 18 ақпанда Кеген ауданының жолдарын жөндеу бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне, сондай-ақ объектілерді пайдалануға беру актілеріне қол қойғаны үшін мердігер ұйымның директорынан 1 000 000 теңге сомасында пара алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы жылдың 20 ақпанында Талдықорған қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

«Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды»,-делінген хабарламада.