KEGOC акцияларына сұраныс 1,5 есе артқан
«Самұрық-Қазына» АҚ және «KEGOC» АҚ 28 қыркүйек пен 2 қараша аралығында өткен Қазақстан қор биржаларында акцияларды қайталама орналастыру (SPO) қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Kazinform.
«Қазіргі уақытта компанияның үлкен несиелік міндеттемелері жоқ. Компания міндеттемелерінің жалпы сомасы 157 млрд теңге. Барлық қарыз негізінен теңгемен берілген. Тек 16 млн доллар, 7, 6 млрд теңге – валютадағы қарыздар. Тиісінше, компанияда қарыздар бойынша үлкен жүктеме жоқ. Сондай-ақ бізде жоғары кредиттік рейтинг бар екенін атап өтуге болады», - деді «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов елордада өткен брифингіде.
Инвесторлардан жалпы сомасы 34,8 млрд теңгеден асатын 50 мыңнан астам өтінім түскен. Бұл орналастырудың жоспарланған көлемінен 1,5 есе артық.
Акцияларды қайталама орналастыру шеңберінде «KEGOC» АҚ 15 294 118 жай акция өткізді. Бұл компания орналастырған акцияларының жалпы санының шамамен 5,6%-ы.
«Жиналған өтінімдерді талдау нәтижесінде 22,6 млрд теңгеден астам сомаға өтінімдерді қанағаттандыру ұйғарылды. Бұл жарияланған акциялардың шекті санына сәйкес келеді – 15 294 118 жай акция. Бұл жұмыстар бұрын жарияланған акцияларды бөлу критерийлеріне сәйкес жүзеге асырылды және қомақты акция пакеттерінің жекелеген ірі инвесторларда шоғырлануын болдырмауға бағытталған. Бұл ретте Қазақстан Республикасы азаматтарынан келіп түскен акцияларды сатып алу жөніндегі өтінімдер толық көлемде қанағаттандырылды», - деп толықтырды Н.Жақыпов.
Компанияның хабарлауынша, SPO-дан түскен қаражат KEGOC-тың ҚР Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының желілерін күшейту бойынша ірі инвестициялық жобасын іске асыруға жұмсалады.