KEGOC қызметкерлері Қызылағаш ауылында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 12,5 миллион теңге жинады

АСТАНА. Наурыздың 29-ы. ҚазАқпарат - KEGOC қызметкерлері Қызылағаш ауылында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде 12,5 миллион теңге жинады.

Компания қызметкерлері бір күндік жалақылары мөлшерінде ақшалай қаражат жинау жөніндегі акцияны Наурыз мейрамы қарсаңында жариялаған болатын. Құрамында 4 мыңға жуық мүшесі бар KEGOC ұжымы Алматы облысындағы су қоймасының жарылуынан зардап шеккендерге көмек көрсету қорына өз еріктерімен 12 миллион 564 мың теңге қаржы аударды. Көрсетілген мөлшердегі ақшалай қаражат наурыздың 26-сында Төтенше жағдайлар министрлігінің есепшотына аударылды. Акцияға KEGOC компаниясы атқарушы дирекциясының, өңірлік филиалдары мен еншілес мекемелерінің қызметкерлері бір кісідей жұмыла атсалысты.

Сондай-ақ «Нұр-Отан» ХДП бастауыш партия ұйымының бастамасымен KEGOC-тың Астанада орналасқан бас офис қызметкерлері Алматы облысы Ақсу және Қаратал аудандарының елді мекендерінде орын алған төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге 500-ден астам жылы киімдер мен ең қажетті бұйымдар жинады. Жиналған жүк «Жас Отан» жастар қанаты астаналық филиалының қолдау-көмегімен наурыздың 17-сінде жөнелтілді.