KEGOC оңтүстік және батыс өңірлерде электр желісін күшейту жобаларына түсінік берді

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Біртұтас электр энергетикалық жүйедегі жобаларға қатысты түсінік берді.

Фото: Үкімет

- «Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (Қазақстан БЭЖ-інің) Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» жобасы бойынша барлық жұмыс өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес жүргізіліп жатыр. Барлық 3 қосалқы станция бойынша негізгі материалдар 100 пайыз жеткізілді, оның ішінде 95 пайызы нақты орнатылды. Барлық қосалқы станцияларда негізгі және коммутациялық жабдықтар жеткізілді. «Шу – Жамбыл» және «Жамбыл – Шымкент» әуе желілері бойынша құрылыс алаңдарына материалдар жеткізіліп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іргетастар мен тіректерді орнату, сымдар мен найзағайдан қорғайтын тростарды монтаждау жұмыстары жүзеге асып жатыр, - деді Н. Айтжанов.

Оның айтуынша, жоба іске асқаннан кейін Алматы – Жамбыл учаскесінде желінің өткізу қабілеті 1100 МВт-тан 1500 МВт-қа дейін артады.

- «Қазақстанның Батыс аймағының энергия жүйесін Қазақстан БЭЖ-імен біріктіру» жобасы бойынша жұмыстар жоспарға сәйкес іске асып жатыр. Негізгі және коммутациялық жабдық жеткізілді. «Өлке – Қарабатан» әуе желісі бойынша қазіргі уақытта тіректерге арналған іргетастарды жеткізу және орнату, әуе желісі трассасы бойында аралық металл тіректер орнату жұмыстары жалғасып келеді. Жоба Батыс аймақты республика аумағы бойынша Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен біріктіру есебінен энергия тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, - деді басқарма төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ел аумағында 2025 жылы электр энергиясын тұтыну 2024 жылмен салыстырғанда 4,6 млрд кВт/сағатқа немесе 3,8 пайызға артып, 124,6 млрд кВт/сағатты құрады.