«Кек алушылар: Альтрон дәуірі» эпикалық блокбастері қазақ тiлiнде көрсетiле бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елiмiздiң барлық кинотеатрларында «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» эпикалық блокбастері қазақ тiлiнде көрсетiле бастады.

Бұл фильм 2011 жылдан бері қазақ тіліне аударылған 11-ші фильм. «Болашақ» қауымдастығы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жастар-Отанға!» жобасының шеңберінде голливудтық фильмдерді дубляждау бойынша жобаны бес жыл бұрын бастады. Оның идеялық авторы мен бастамашысы - «Нұр Отан» партиясы төрағасының бiрiншi орынбасары Бауыржан Байбек.

«Елбасымыздың қолдауымен басталған жоба аясында 5 жылдың iшiнде 11 фильмдi тiкелей ағылшыннан қазақ тiлiне аудардық. Ол бiз үшiн үлкен жетiстiк. Ендi қазақ тiлi дүниежүзiнде мойындалып, осы фильм аударылған 20 тiлдiң қатарына енiп отыр. Бұл бiздiң тiлiмiздi, дәстүрiмiздi, мәдениетiмiздi мойындап жатқаны», - дейдi Б.Байбек.

Аталған жобаның арқасында әлемдік кино өндірісінің лидерлері Marvel, Walt Disney, Sony Pictures компанияларының фильмдері нағыз ұлттық өнімге айналуда. Қазақшасы барлық әлемде DVD, Blu-Ray-дан көруге болатын голливудтық фильмдердің негізгі тілдерінің біріне айналды. Ана тілімізге аударылған алғашқы блокбастерлердің бірі - «Көліктер-2» мультфильмі. Оған Елбасының өзi жоғары баға беріп, қазақ тілінің аясын кеңейтудің тамаша құралы болатынына, әсіресе, еліміздегі жас буынға тіл үйретуге себебін тигізетініне сенім білдірген еді.

«Сатурн» американдық сыйлығының иегері және «Оскар» сыйлығына номинант Джосс Уидон - «Кек алушылардың» екінші бөлімінің режиссері. Блокбастердегі басты рөлдерді жаһандық Marvel жұлдыздары ойнады: «Алтын Глобус» және «Сатурн» сыйлығының иегері кiшi Роберт Дауни, Скарлетт Йохансон, Крис Хемсворт, Крис Эванс, Оскар сыйлығының номинанттары - Марк Руффало, Джереми Реннер және Сэмюэль Л.Джексон.

Қазақша дубляждың режиссері - Тимур Балымбетов. Бұл оның өткен жылдың жазында Қазақстан киноэкрандарында көрсетілген «Галактика сақшыларынан» кейінгі екінші режиссерлік тәжірибесі. Тимур Балымбетов американдық комикстердің кейіпкерлеріне ерекше ықыласпен қарайтынын және Marvel кейіпкерлерінің қазақ тілінде сөйлеп, қазақстандық көрермендерге жақын және түсінікті ете түскісі келген арманын зор қуанышпен өмірде іске асырып жатқанын айтады. Тұңғыш рет дубляждың актрисасы, белгілі әнші Мақпал Исабекова болды, ол бұл фильмде кейіпкер Скарлетт Йохансонның дауысын дыбыстады. Бұрын ол «Батыл жүрек» мультфильміндегі кейіпкердің әнін салған болатын.

Фильмнің басты кейіпкерлерінің дауысын дыбыстаған қазақстандық актерлер: Жасұлан Байсалбеков (Альтрон), Бейбіт Қамаранов (Тор), Ержан Жарылқасынов (Темір адам), Ерғали Төлебаев (Капитан Америка), Бақытжан Жармұхамбетов (Қыран Көз), Самат Қордабаев (Халк).

Фильмнің дубляжына жобаның тұрақты қатысушыларына айналған Бағанашылдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. Астанадағы көрсетілімде дубляждың жас қатысушылары мен көрермендерден басқа қоғам қайраткерлері, іскер және шығармашыл зиялылар, БАҚ өкілдері болды.

Фильм туралы деректер Фильмді жасау идеясы Стэну Ли мен Джеку Кирбидікі болып табылатын, Кек алушылар кейіпкерлері туралы комикс тұңғыш рет 1963 жылы өмірге келді. Фильм Marvel Comics баспасы комикстерінің негізінде жасалған және жаһандық Marvel киномотографиясының он бірінші фильмі болып табылады. Қоюшы суретші Чарльз Вудтың арқасында, Marvel студиясының ең үлкен декорациясына айналған «Кек алушылардың» мұнарасы қалпына келтірілді. Негізгі оқиғалар мен фильм эпизодтарының бәрі осы мұнарада өтеді.