«Кек алушылар: Альтрон дәуірі» фильмі АҚШ-тағы алғашқы көрсетілімінде $84,5 млн табыс әкелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көптеген елдерде, оның ішінде ТМД сәуір айында көрсетіліп үлгерген «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» эпикалық блокбастерінің премьерасы АҚШ-та тек 1 мамырда ғана болды, алғашқы күні-ақ ол $84,5 млн пайда түсірді, деп хабарлайды Вести. Ру.

Бұл аталмыш кинотуындыға американдық прокаттағы ең кассалық туындылар рейтингінде фильмнің екінші орын алуына мүмкіндік берді. Сарапшылар демалыс күндері картинадан түсетін қаражат $207,4 млн жетеді деп болжап отыр. Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында елiмiздiң барлық кинотеатрларында «Кек алушылар: Альтрон дәуірі» эпикалық блокбастері қазақ тiлiнде көрсетiле бастаған еді. Қазақша дубляждың режиссері - Тимур Балымбетов. Тұңғыш рет дубляждың актрисасы белгілі әнші Мақпал Исабекова болды, ол бұл фильмде кейіпкер Скарлетт Йохансонның дауысын дыбыстады. Фильмнің басты кейіпкерлерінің дауысын дыбыстаған қазақстандық актерлер: Жасұлан Байсалбеков (Альтрон), Бейбіт Қамаранов (Тор), Ержан Жарылқасынов (Темір адам), Ерғали Төлебаев (Капитан Америка), Бақытжан Жармұхамбетов (Қыран Көз), Самат Қордабаев (Халк).