Кекушинкай каратэ-додан ХІІ ашық Азия чемпионатында қазақстандықтар бейресми жалпыкомандалық есепте 1 орын алды

АЛМАТЫ. Қазанның 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазанның 16-сы күні кекушинкай каратэ-додан Астанада өткен ХІІ ашық Азия чемпионатында қазақстандықтар 5 алтын,

6 күміс және 4 қола жүлдеге ие болды. Сөйтіп бейресми жалпыкомандалық есепте 1 орын алды. Бәсекеге 9 елден 70-ке жуық спортшы қатысты. Онда ерлер, әйелдер және жасөспірімдер арасындағы бұл дүбірлі додада ел намысын 35 спортшы қорғаған болатын.

Әйелдер арасында 60 келіден жоғары салмақта қазақстандықтар қарсылас шақ келтірмеді. Онда жүлделі 1-3-інші орынды Наргиз Кенжебек, Эльвира Әбілғазина, Назгүл Малынбаева өзара бөлісті. Ақтық сында жапондық Самами Шимаданың осал тұсын таба алмаған Гүлсанат Самғалиева (60 кг) күміс жүлдегер атанды. Ерлер арасындағы сайыста 75 келіден жоғары салмақта жапондық Кенгора Угидоға есе жіберген Азамат Төкенов пен Аслан Мұстафин 2-3-ші орынды өзара бөлісті. Ал 75 келі салмақта жапондық спортшылар Масанаго Накомура, Ютта Савомуро мен Юкки Инаоки жүлделі орындарды өзара сарапқа салды. Оның есесін жасөспірімдер толықтырды. Олар ел қоржынына 4 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде салды. Онда Данияр Елеусінов (55 кг), Наурызхан Қорқыт (60 кг), Аян Бексейітов (65 кг) пен Василий Купренович ( 65 кг) Азия чемпионы атанды. Исламбек Жұмабек (55 кг), Мәулен Шаймин (60 кг), Нұрзада Тұрабаев ( 65 кг) күміс, ал Сабырбек Қожахметов (60 кг) пен Аслан Сәдуақасов (65 кг) қола жүлдегер болды.