Осы додаға Оралдан барған Солонго Исханның айтуынша, кекушинкай каратэ түрлері ішінде ең беделдісі саналады. Төрт жылда бір рет өтетін әлем чемпионатына бұл жолы қырықтан астам елдің үздік спортшылары қатысты.
Қазақстан құрамасы кекушинкай каратэ тарихында тұңғыш рет жүлделер алып қана қоймай, жалпыкомандалық есепте екінші орынға қол жеткізді. Жапония құрамасы 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен көш бастаса, қазақстандықтар 2 күміс, 1 қола жүлдені жеңіп алды. Үшінші орындағы Канаданың еншісіне бір қола жүлде ғана тиді. Ерлер абсолютті салмақ дәрежесінде күш сынасса, әйелдер 60 келіге дейін және одан жоғары екі салмақта шеберлік байқасты. Бас бапкер Тәжімұрат Найзабеков жаттықтыратын Қазақстан намысын 5 ер, 6 әйел қорғаса, соның ішінде Солонго Исхан 60 келіден жоғары салмақта, Тимур Райымбеков абсолютті салмақта екінші, Анар Сүйіндікова 60 келіге дейінгі салмақта үшінші орынды иеленді.
«Мен чемпионат барысында төрт жекпе-жек өткіздім. Мьянма, Бразилия, Канада елдерінен келген қарсыластарымды ұтып, финалда жапониялық қызға ғана есе жібердім. Мұның алдында салмағы жүз келіден асатын, бойы да ұзын бразилиялық спортшымен кездесуім ауырлау тиді де, соңғы сынға толық күшімді жинай алмадым. Жалпы, айта кетейін, Қазақстанның бұл жетістігін тарихи табыс деуге болады. Өйткені тек Жапонияда өткізілетін аталмыш турнирде бұған дейін Қазақстан ғана емес, өзге елдердің өкілдері де финалға дейін жетіп көрмеген. Бұрын жапондықтар финалда өзара күш сынасатын. Сондықтан біздің жеңісімізге үлес қосқандардың бәріне шын жүректен алғысымды айтамын», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Окинавадан хабарласқан Солонго Исхан.
Еске сала кетейік, каратэ 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасының бағдарламасына енгізілгені белгілі.