«Қазір келер жылғы астық өнімділігіне қатысты нақты бірдеңе айту әлі ерте. Кейбір өңірлерде дәнді дақылдарды жинау аяқталмады, егіннің 98 пайызы жиналды. Тоқтаусыз жауған жаңбырға байланысты қазір жекелеген дәнді дақылдарды жинау жалғасып жатыр. Егін жинауды аяқтаған кәсіпорындар келер жылға дайындалуға кіріседі. Тиісті болжамды тек 2024 жылы көктемде ғана айта аламыз», - деді Сенатта тілшілер сұрағына жауап берген А. Сұлтанов.
Оның айтуынша, елімізде биылғыдай жауын-шашын 10 жылдан бері болмаған.
«Климаттың әсерінен ешкім де сақтандырылмаған. Әсіресе, биыл күзде жауын-шашын ұзаққа созылатынын болжау мүмкін болмады. Кейбір өңірлердегі жаз кезіндегі құрғақшылықтан кейін толассыз жаңбыр біразға барды. Мұндай жаңбыр 10 жылдан астам уақыт бойы болмағанын «Қазгидромет» растады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің осындай жағдайда шығынға батпас үшін егін егу науқанын уақтылы жүргізіп, егін орағын ұзаққа созып алмай, тез арада іске асыру керек. Егер техника жеткілікті болса, жауын-шашын басталмай тұрып мүмкіндігінше мол өнім алуға болады», - деді вице-министр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі ірі ауыл шаруашылығы компаниялары жаңбырға дейін астықтың едәуір бөлігін жинап үлгергенін айтты.
«Бізде халықты нанмен, ұнмен, макаронмен қамтамасыз ететін жоғары сапалы астық болады. Ал сапасы төмен өнімді мал шаруашылығын дамыту үшін жемдік мақсатта пайдаланады. Шаруаларға барлық қажет ресурсты – тұқымды, тыңайтқышты, өсімдіктерді қорғау құралдарын алдын ала сатып алуы үшін жеңілдетілген несиелер арқылы көмектесеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуды жалғастырамыз», - деді ведомство өкілі.
Оның сөзінше, биыл кейбір шағын шаруашылықтар техникасының болмауынан ірі фермерлік құрылымдардың егін жинап болуын күткен. Өйткені шағын шаруашылықтар ірі компаниялардың техникасын жалға алып жүр. Бірақ осы жылы ірі ауылшаруашылық құрылымдары да жауын-шашынға байланысты қиындыққа тап болып, техниканы жалға беру мерзімін кешіктірді.
Сонымен қатар ол аталған қолдау шараларының өзінде келер жылғы егіннің өнімділігі жоғары болатынына кепілдік бере алмайтынын жеткізді.
«Ешкім кепілдік бере алмайды, бұл өз кезегінде ауа райына да байланысты. Атап айтқанда, шаруалармен бірге жақсы өнім алу үшін тек қажет алғышарттарды ғана жасай аламыз», - деді вице-министр.