Келер жылы халықтың шамадан тыс несие алуын шектейтін құрал іске қосылады

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың бірінші жартысында халықтың шамадан тыс кредит алуын шектейтін құрал іске қосылады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

— Халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеу үшін жаңа макропруденциалды құрал — кіріске қатысты борыш коэффициенті іске қосылады. Бұл құрал халықаралық практикада қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалап, олардың жалпы берешегін шектеу үшін кеңінен қолданылады. Осы коэффициенттің нақты мәні есептеледі. Оны келесі жылдың бірінші жартысында іске қосуды жоспарлап отырмыз, — деді Тимур Сүлейменов.

Оның атап өтуінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап банктердің табысына сараланған салық салу енгізіледі. Бөлшек кредиттеуден түсетін кіріс бойынша корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі 25%, ал бизнесті кредиттеу мөлшерлемесі 20% болады.

— Қарызды бөліп төлеудің проинфляциялық әсерін төмендету үшін Үкіметпен және агенттікпен бірлесіп, бөліп төлеу нарығы немесе «қазір сатып ал да, кейін төле» (BNPL) қызметін реттеу тәсілдері әзірленеді. Үкіметпен тығыз жұмыс істеу — инфляцияға қарсы саясаттың басты элементі. Биыл жаңа Бюджет және Салық кодекстері қабылданды. Олар мемлекеттік қаржыны жоспарлау сапасы мен оны басқарудағы ашықтықты, бюджеттің өз кірісін арттыруға және Ұлттық қорға тәуелділікті төмендетуге бағытталған. Біз бюджет шоғырлануын және бюджеттік қағидаларды қатаң сақтауды қолдаймыз. Қарастырылып отырған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және Республикалық бюджет жобасы осы бюджеттік қағидаларды сақтай отырып қалыптастырылды, — деді ол.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.