Келер жылы инфляция қаншалықты төмендеуі мүмкін – Ұлттық банк жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Инфляцияның баяулауына нығайған теңге бағамы ықпал етіп отыр. Бұл туралы елордада өткен брифингіде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.

Фото: Ұлттық банк

- Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 15,75%-ке дейін, яғни 50 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады. Біз инфляцияның динамикасын, оның факторларын және тәуекелдер балансын негізге алып шешім қабылдадық. Инфляцияның өсу қарқыны бәсеңдеп келеді. Жылдық инфляция жыл бойы баяулап, қыркүйекте 9,3% болды. Бұл ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтай отырып, бүгін базалық мөлшерлеме деңгейін пропорционал түрде төмендетуге мүмкіндік берді, - деді Т. Сүлейменов.

Оның айтуынша, инфляцияның өсу қарқыны бәсеңдегені жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатының оң нәтижесін көрсетеді. Инфляцияның баяулауына нығайған теңге бағамы, орныққан тұтынушылық сұраныс және Үкіметпен бірге инфляцияға қарсы қабылданған шаралар да ықпал етіп отыр.

- Инфляцияның төмендеуіне қарамастан, ол нысаналы деңгейден әлі де жоғары, ал тәуекелдер балансы проинфляциялық аймақта сақталып отыр. Осындай жағдайда біз ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтап, байыпты тәсілді ұстанамыз. Басты міндетіміз – инфляцияны 2027 жылы 6,5-8,5% аралығында төмендетіп, 2028 жылы оны 5 пайыздық нысаналы деңгейге жақын тұрақтандыру, - деді ҰБ басшысы.

Осы орайда ол базалық мөлшерлеме бойынша алдағы шешімдер инфляцияның динамикасына, проинфляциялық тәуекелдерді бағалауға байланысты болатынын айтты.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 15,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.