Келер жылы Қазақстан барлау аумағын айтарлықтай ұлғайтады
АСТАНА. KAZINFORM — Геологиялық деректерді цифрландырудың арқасында Қазақстан барлық инвестор үшін ашық әрі тартымды болып отыр.
Бұл пікірді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан келтірді.
— Бар әлеуетімізді арттыру үшін геологиялық барлауды белсенді дамыту қажет. Осы мақсатта Батыс Аустралия қағидатына негізделген жер қойнауын пайдалану моделі енгізіліп, геологиялық барлауға 420 млрд теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік берілді. Қазір геологиялық барлау көлемі 1,9 млн шаршы шақырымды қамтып отыр және бұл көрсеткіш 2026 жылға қарай 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғаяды. CRIRSCO стандартының енгізілуі мен геологиялық деректерді цифрландырудың арқасында Қазақстан барлық инвестор үшін ашықтық пен тең жағдайды қамтамасыз етіп отыр, — деді Иран Шархан елордада өтіп жатқан 15-і халықаралық тау-кен металлургия конгресінде.
Бұған дейін хабарлағанымыздай Қазақстан алтын қоры бойынша ТОП-20 елдің қатарына кірді.
Сондай-ақ жақын арада тау-кен кешені саласында 3,5 трлн теңгеге 5 инвестициялық жоба іске қосылады деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, елордада халықаралық тау-кен металлургия конгресі өтіп жатыр. Оған әлемнің 20 елінен 1300 делегат қатысты.