Келер жылы ұшақ және пойыз билеті қымбаттай ма

Фото: trvl.click

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Қазақстандағы негізгі бағдарлар бойынша әуе рейстері мен пойыздардың саны артатынын айтты.

Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде тілшілер алдағы мереке күндеріне орай жолаушылар тасымалына арналған қосымша көлік санын көбейту мүмкіндігі туралы сұрады.

- Әуе рейстерінің саны артады. Бұл тұрғыда жолаушылар сыйымдылығы жоғары үлкен ұшақтар да, қосымша рейстер де негізгі бағыттар бойынша белгіленеді. Олардың қатарында Алматы, Шымкент және Ақтау бар. Теміржол бағыттарына да қосымша пойыздар қосылады, - деді М. Қалиақпаров.

Сонымен қатар ол билет құнын қымбаттату жоспарда жоқ екенін айтты.

- Жолаушылардың 50 пайыздан астамы өз сапарларын алдын ала жоспарлайды, яғни билеттерді ертерек сатып алады. Өздеріңіз білесіздер, билетті ертерек алса, бағасы да арзанырақ болады. Сонымен қатар, келер жылы билет бағасын көтеру жоспарда жоқ, - деді вице-министр.

Айта кетейік, Түркістаннан Өзбекстанның үш қаласына жаңа әуе рейсі ашылады.