Келер жылдан өңірлік базаларда медициналық мамандықтар бойынша біліктілік емтихандары өткізілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдан бастап өңірлік симуляциялық орталықтар базасында әртүрлі бейіндегі және деңгейдегі медициналық мамандықтар бойынша біліктілік емтихандарын өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР ДСӘДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі денсаулық сақтау саласында біліктілік емтихандарын өткізуді жетілдіру мақсатында біліктілік санатына үміткер клиникалық мамандықтары бар дәрігерлер үшін олардың білімі мен практикалық дағдыларын бағалау жүйесін енгізу арқылы ауқымды жұмыстар жүргізді.

Бұл жаңашылдық біліктілік санатын алуға үміткер мамандар ғана қатысты. Жоғары, бірінші және екінші біліктілік санаттарына үміткерлер практикалық дағдылары мен білімдерін бағалау барысында коронарлық синдром кезінде, анафилактикалық шок кезінде жедел жәрдем көрсету, кенеттен жүрек тоқтаған кезде, тыныс алу жолдарының асфиксиясы кезінде жедел көмек көрсету және емдеуге жатқызуға дейінгі хирургиялық көмек көрсету дағдыларын қашалықты меңгергендерін көрсетті.

Дәрігерлердің білімдері мен практикалық дағдыларын бағалауды арнайы оқытылған тәуелсіз аккредиттелген медициналық сарапшылардан, ғылыми дәрежесі мен жоғары санаты бар дәрігерлерден тұратын емтихан қабылдаушылар жүргізді. Бағалау симуляциялық жабдықтарды қолдана отырып және науқасты шынайы бейнелеуге үйретілген «стандартты пациенттердің» қатысуымен өткізілді, симуляциялық орта күнделікті болатын медициналық жағдайларға барынша жақындастырылды.

Біліктілік санатын беру емтихандарын өткізу ерікті түрде болғанына қарамастан, ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығында Қазақстан Республикасы бойынша бағалау кезеңінен 3400 дәрігер өтті, оның ішінде үміткерлердің 77 пайызы (2600 дәрігер) емтиханды жақсы қортындымен аяқтады. Бұл бағалау үрдісі алғаш рет қолданылып отырғандықтан, жақсы көрсеткіш болып саналады.

Аттестаттау комиссия мүшелері мен емтихан тапсырған дәрігерлер бағалауды енгізуге оң пікірлерін білдіріп отыр, себебі денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін мен біліктілігін анықтауда формальды көзқарастың жойылуына, объективті түрде бағалауға мүмкіндік пайда болғанын, сонымен қатар ол халыққа көрсетілетін медициналық көмек сапасының жағарылауына зор ықпалын тигізетінін атап көрсетті.

Министрліктің бұйрығымен облыстық денсаулық сақтау басқармаларында 16 өңірде өңірлік симуляциялық орталықтардың ашылуы жалғасуда. Республикалық бюджет есебінен аталған орталықтар заманауы симуляциялық жабдықтармен жарақтандырылған.