Келер жылы Астанада 2020 жылға дейінгі ҚР ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы аясында 57 үй жөнделеді - В.Крылов

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов төрағалық еткен көшпелі комиссия 2020 жылға дейінгі ҚР Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын (ТКШ) жаңғырту бағдарламасы аясында елордада жөндеуден өткен көпқабатты үйлерді аралап көрді.

В.Крылов атап көрсеткендей, биыл уақыттың аз болуына байланысты ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстарымен көп үйді қамту мүмкін болмады. Атап айтқанда, қазіргі уақытта жалпы сомасы 302 млн. теңгеге 9 үйге ағымдағы жөндеулер, 120 млн. теңгеге тағы 3 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Көшпелі комиссия мүшелері жөндеулер аяқталған Жеңіс даңғылындағы - 2 және Күйші Дина көшесіндегі 2 үйге ат басын тіреді. Бірінші аталған көпқабатты үйлердің карубид пен керамзит материалдарын қолдану арқылы шатырлары жөнделді. Үйлерге ортақ инженерлік желілер ауыстырылды, соның ішінде жылу беру желісіне толығымен қайта жөндеу жүргізіліп, есептеу құралдары орнатылды. Әкім орынбасарының айтуынша, ол бірінші кезекте, жылу энергиясының шығынын азайтып, тұрғындарға тек өздері пайдаланған жылу үшін төлеуге мүмкіндік береді. Онымен бірге, кіреберістерде жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары барысында ескі терезелер жаңартылып, металл қоршаулар қойылды. Кіру алаңдарының аспалы төбе қалқандары ауыстырылды.

Бір үйді жөндеуге жұмсалған қаражат орташа алғанда - 37-53 млн. теңгені құрады. Бір пәтер иесі 10 жылдың ішінде 360-400 мың теңгені қайтаруы тиіс. Яғни, бір айда 3600-4000 теңге төлейді. Сома Бірыңғай есептеу орталығының түбіртегінде коммуналдық қызметтермен қоса келетін болады. Айта кетейік, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген азаматтар үшін тұрғын үй көмегін беру қарастырылған.

Үйлері 2011 жылдың күзінде жөндеуден өткен тұрғындар мемлекеттен бөлінген ақшаны 2012 жылдың наурызынан бастап, яғни жылыту маусымы аяқталып, үйлерге энергоаудит жүргізілгеннен кейін қайтара бастайды.

Бүгінде Астана қаласында 2011 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 528-і күрделі және ағымдағы жөндеуді қажет етеді. 2012 жылы 7 үйге - күрделі, 50 үйге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. В.Крыловтың айтуынша, бұл жұмыстарға 1,5 млрд. теңге қаржы жұмсалатын болады.