Келер жылы электр энергетикасын дамыту тұжырымдамасы қабылданады

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылы елімізде электр энергетикасы саласын дамытудың 2032 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір әзірленіп жатқан «Инвестицияның орнына тариф» бағдарламасы энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін қайта жаңғыртуға және кеңейтуге мүмкіндік береді. Жыл сайынғы салаға құйылатын инвестиция көлемі 400 млрд теңгені құрайды. 2023 жылдың 1 тоқсанында елдің барлық жылу электр орталықтары мен электр желілеріне аудит аяқталады. Аудит жүргізу арқылы салаға қатысты проблемалар мен мекемелердің техникалық жай-күйі анықталады», - деді Болат Ақшолақов ОКҚ-де өткен брифингіде.

Министрдің айтуынша, энергетиканың цифрлық платформасын пайдалануға беру жоспарлануда.

«Келесі жылы электр энергетикасы саласын дамытудың 2032 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданады. Сондай-ақ тәуекелдерді басқаруға және станциялардың техникалық жай-күйін бақылауға мүмкіндік беретін энергетиканың цифрлық платформасы пайдалануға берілмек», - дейді ол.

Бұған дейін Болат Ақшолақов қазақстандықтарды жарықты үнемді пайдалануға шақырған еді.