Келес ауданында «Ауылдағы бір күн» атты іс-шара өтті

КЕЛЕС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Келес ауданында «Ауылдағы бір күн» атты іс-шара өтті. «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен шарада жастар Бозай ауылдық округіне барып, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайтадан жаңғыртты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жастар аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылда қазақтың салт дәстүрлерін дәріптеді. Қазақтың ұлттық тағамдарын пісіріп, ұлттық ойындарын ойнады. Киіз үй құруды үйреніп, ер жігіттер мал сойды. Атты ерттеп, отын жарды. Сондай-ақ, самаурын қойды. Ал, бойжеткендер нан жауып, күбі пісті. Құрт жасау мен бауырсақ пісіруден шеберліктерін көрсетті. Ұлттық дәстүрлерді жас ұрпақтың бойына сіңіруде айрықша маңызға ие жобада жастар осылайша бар өнерлерін ортаға салды. Шара соңында Жастар орталығының басшылығы Ұлт Көшбасшысының сындарлы саясатын өскелең ұрпақтың арасында жан-жақты насихаттау, салт-дәстүрімізді жаңғыртуда қосқан үлестері үшін қатысушыларға алғыстарын жеткізді.Мұндай игі істерді одан ары жалғасын табатындығы айтылып, жастардың алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.