Келес ауданында «Жайдарман» көңілді тапқырлар сайысы болып өтті

КЕЛЕС. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Келес ауданында «Жайдарман» көңілді тапқырлар сайысы болып өтті. «Саналы ұрпақ жарқын болашақ!» тақырыбындағы ойындар Nur Otan партиясының 20 жылдығы мен «Жастар жылы» аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көңілді сайысты тамашалауға Келес ауданының тұрғындары мен жастары көптеп жиналды. Сайысқа елімізге танымал, жоғары және премьер лига командалары арасында бақ сынап жүрген 10 топ қатысты.

Ойынды Келес ауданының «Ерке қыздар» жайдарман құрамасы ашып беріп, Қазығұрт ауданының «Т.Рысқұлов жастары» командасы жалғастырып әкетті. Одан кейін Сарыағаш ауданының «Сарыағаш құрамасы», Шардара ауданының «Төрт қақпа» құрамасы, Келес ауданының «Элита» құрамасы өнер көрсетті. Шымкент қаласынан келген «Достық ұландары» мен Арыс қаласының «Қызық жігіттер» құрамасы тапқырлықтарын байқатты. Тапқырлар клубында жастар қоғамды рухани жаңғыртудың идеялары мен құндылығын көрсететін шығармаларын дамыту, қолдау мен насихаттайтын ойлар айтты.

Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мен жастар арасында достық қарым-қатынас орнату, патриоттық сезім қалыптастыруға қатысты ұғымдарды жеткізуге тырысты.

Сайыстың бас жүлдесін Шымкент қаласынан келген «Капитан» құрамасы иеленсе, бірінші және екінші орындар Арыс және Мақтарал аудандарынан келген жайдарманшыларға бұйырды. Көрермен көзайымы номинациясына Шымкенттің «Бүгін.кz» құрамасы лайық деп танылса, әкімнің арнайы жүлдесімен «Миллион» құрамасы марапатталды.