Келесі жылдан бастап люктер жаңа стандарт бойынша жөнделеді - Алматы әкімі
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесті. Ауданда атқарылған жұмыстар мен жаңа жобалар туралы баяндамадан кейін алматылықтар қала басшысына өз сұрақ-шағымдарын айтты.
Бостандық ауданының тұрғыны қала көшелеріндегі сапасыз люктерге шағымданды. Ерболат Досаев жолдағы люктер жаңа стандарт бойынша жөнделетінін айтты.
«Жолдағы люктерге қатысты барлық мәселе жүйелі түрде шешіледі. Биылға жоспар бар, қаражат бөлінді. Біз қазір люктерді «қалқымалы» түріне ауыстырып жатырмыз, бұл жұмыс 2026 жылдың соңына дейін жалғасады. Былтырдан бері ағымдағы жөндеу жұмыстары аудан әкімдіктеріне берілгені белгілі, қазір жұмыс қарқын алды. Бірақ сапасы бойынша белгілі бір шағым бар. Биыл біз люктерді жөндеу бойынша жаңа стандартты бекітеміз және келесі жылдың көктемінде сол жаңа стандарт бойынша жұмыс істейміз», - деді қала басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімінің көмекшісі ұсталғаны туралы ақпарат жалған екенін жазғанбыз.