Келесі жылы жаңа бастамалар ұсынамын – Қасым-Жомарт Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында елдегі реформалар әлі аяқталмағанын еске салды.

Фото: Ақорда

«Біз әрбір өзгерісті мұқият ойластыра отырып жүзеге асыруымыз керек. Бастамалардың ақылға қонымды және қазіргі ахуалға сай болғаны маңызды. Бұрынғы жоспардың бәрін қазіргі күннің талабына лайықтап, түзету қажет. Мен бұған дейін реформалар тоқтап қалмайтынын нақты айттым. Өйткені елімізді жан-жақты жаңғырту ісі үздіксіз жалғаса беруге тиіс», - деді Президент.

Мемлекет басшысы алда ауқымды жұмыс тұрғанын айтады.

«Соған сай жаңа бастамалар мен жоспарларды жүзеге асырамыз. Қазір оның бәрі мұқият зерделеніп жатыр. Келесі жылы халыққа ұсынатын боламын. Кейбір бастаманы әдеттегідей Ұлттық құрылтайда жариялаймын. Оның кезекті отырысы Бурабайда өтеді. Қалғанын Жолдауда айтамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.