Келешек даму үдерісінде кадрларға деген талап та жаңа сапада қойылады - Е. Исақұлов

АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Келешек даму үдерісінде кадрларға деген талап та жаңа сапада қойылады. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтіп жатқан «Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі: міндеттері мен даму келешегі» атты ғылыми-практикалық конференция барысында Мәжіліс депутаты Ержан Исақұлов осылай мәлім етті.

«Жаңа тарихи маңызды онжылдыққа қадам баса отырып, біз қуатты, гүлденген, бәсекеге қабілетті мемлекет құру міндетін алып отырмыз. Осы ретте кадрлық қамтамасыз ету және кадрлық саясат жаңа мәнге ие болып отыр. Біріншіден - экономика өсімінің артуына, өндірістерді жаңғыртуға және инновациялық технологияларға бағытталуға, сондай-ақ жобаларды жүзеге асыруға байланысты біздің елімізге жақын жылдары қосымша білікті мамандар қажет етіледі», - деді Е. Исақұлов. Мәселен, депутаттың айтуынша, 2010 жылдың өзінде 152 кәсіпорын қолданысқа еніп, онда тұрақты негізде 20 мыңға тарта адам жұмысқа алынған. Сондай-ақ, жалпы еліміз бойынша 80 түрлі өндіріс құрылды. Ал 2015 жылға дейін 8 трлн. теңге сомасына тағы 294 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделеді. Бұған 161 мың тұрақты жұмыс орындары құрылады.

«Сонымен қатар, аталған жобалардың бәрі инновацияға негізделмекші. Ендеше, кадрларға деген талап та жаңа сапада болмақ. Біз бұған әзірміз бе? Біздің даярлау және қайта даярлау жүйеміздің талапты қанағаттандырмайтынын ескерсек, онда мәселенің айтарлықтай күрделі екендігін сеземіз», - деді Е. Исақұлов.