Келешек мектептері: Батыс Қазақстанда 6 білім ғимараты пайдалануға беріледі
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары 8 100 орындық 9 мектеп ғимаратын салу жоспарланса, соның үшеуі іске қосылды.
Бұған дейін Орал қаласындағы Деркөл кентінде 1 500 орындық № 51 мектеп құрылысы аяқталып, биылғы 9 қаңтардан балалар оқи бастады.
Қаланың «Балауса» шағынауданында 1 500 орындық № 52 мектеп бой көтеріп, сабақ 13 ақпаннан бері жүргізілді.
Сол секілді Теректі ауданы Подстепный ауылында 1 200 орындық мектепті салынып, мұнда оқу процесі 14 сәуірде басталды.
Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, үш мектеп 30 тамызда пайдалануға берілмекші. Орал қаласында Жәңгір хан көшесінде 600 орындық № 53 мектепте (мердігер — «Жайық жарығы» ЖШС) құрылыс-монтаж жұмыстары 67 пайызға орындалды.
Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылында 600 орындық мектеп құрылысының орындалу көрсеткіші — 82 пайыз.
Бәйтерек ауданы Достық ауылында 1 200 орындық мектеп ғимараты да (73 пайыз) аяқталып келеді. Мердігері — «СФ Алтим» ЖШС.
«Жайық сити» ЖШС Бөрлі ауданы Пугачев ауылында 300 орындық мектеп ғимаратын (орындалуы — 58 пайыз) 15 желтоқсанда тапсырмақшы.
Ақсай қаласында М.Ықсанов көшесіндегі 300 орындық № 1 мектеп құрылысы (43 пайыз) 30 қазанда мәресіне жетпекші. Ал 13-шағынаудандағы 900 орындық № 7 мектепті (25 пайыз) 15 желтоқсанда қабылдау жоспарланып отыр.
— Өткен жылы Орал қаласында білім беру инфрақұрылымын дамыту қорының қаражаты есебінен бұрын апатты жағдайда болған № 31 мектептің жаңа ғимараты өз есігін айқара ашты. Бұдан бөлек, Орал қаласында дарынды балаларға арналған № 8 облыстық мамандандырылған мектеп-лицейі ғимаратын аталған қор қаржысына биылғы жылдың төртінші тоқсанында салып бітіру көзделуде. Ал Казталов ауданында 60 орындық Қоныс мектебінің ғимараты жыл соңына дейін табыс етілмекші, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда салынып жатқан жайлы мектеп құрылысы неліктен кешеуілдегенін жазған едік.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда бірінші сыныпқа 12 мыңға жуық оқушы қабылданатыны хабарланды.