«Бұл бүкіл халқымызды толғандырып отырған аса маңызды мәселе. Жаңа заңның басты мақсаты болашақ зейнеткерлеріміздің лайықты өмірін қамтамасыз ету екені түсінікті. Дегенмен, ескерте кететін жайт, мұны жан-жақты ойластыру қажет», - дей келе депутат заң аясында құрылатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметіне қатысты мәселелер көтерді. Оның айтуынша, бұл бағытта Ұлттық қор құрудағы тәжірибелер пайдаланылғаны игі.
«Зейнет жасын өсіру керектігі дау туғызбайды. Бұл қажетті дүние. Өйткені, келешек үшін зейнеткерлік жасын алғаш көтеріп отырған бір Қазақстан емес. Ондаған жылдар бұрын тиісті қадам жасап, кезең-кезеңімен зейнет жасын өсіру арқасында бұл салада еш тоқырауға ұшырамаған мемлекеттер де, керісінше кезінде қам жасамай, уақыты келгенде халыққа салмақ артып, екі есеге артық шығынға батқан елдер де баршылық. Ендеше, біз орын алған қателіктерге жол бермеуіміз керек», - деді Ш. Мырзахметов.
Оның айтуына қарағанда, бүгінгі күні Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымына мүше елдердің жартысына жуығы зейнеткерлік жасты ұлғайтып отырса, кейбірі жақын уақытқа жоспарлап отыр. «Мысалы, Ұлыбритания, Германия, АҚШ сияқты дамыған елдерде зейнет жасы, 67 жастан кем емес. Ал, Жапонияда тіпті, 70 жасты құрайды. Сондықтан әлі күнге дейін зейнет жасын арттыру керек пе, жоқ па деген сауалдың айналасында сөз таластырғаннан гөрі, оны қалай жасауға қатысты күш біріктіретін уақыт келді», - деді Ш. Мырзахметов.
Еске салсақ, заң жобасының басты жаңалығы әйелдердің зейнеткерлік жасын біріздендіру болып табылады. Бұл ретте заң жобасында қамтылғандай 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлік жасты жыл сайын 6 айға ұлғайта отырып, біртіндеп 10 жылдың ішінде зейнеткерлік жасты көтеруді жүзеге асыру көзделеді. Сөйтіп, 2023 жылдан бастап әйелдер мен ерлер үшін зейнеткерлік жас 63-ке теңеседі.