«Келешек» жүйесі мемлекеттік білім гранттарының санын азайтпайды
АСТАНА. KAZINFORM – «Келешек» жүйесінің салымшылары көбейген сайын, елімізде мемлекеттік білім гранттарының саны азая ма? Бұл сұраққа Ғылым және жоғары білім министрлігі жауап берді.
- Бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру тапсырысы мектеп түлектерінің 40 пайыздан астамын грантпен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, 2020 жылдан бастап гранттар саны жыл сайын орта есеппен 10 пайызға ұлғайтылады. Дегенмен, белсенді демографиялық өсімге байланысты гранттардың бұл саны жеткіліксіз. «Келешек» жүйесі - бұл мемлекеттік гранттарды бөлумен қатар іске асырылатын қосымша мемлекеттік шара екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар, бұл жүйені толығымен ерікті түрде қолдана алады, - делінген Ғылым министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, келесі жылдары білім гранттарының саны артады.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов 2025 жылдың басынан «Келешек» ережелері күшіне енетінін мәлім етті.
Еске салсақ, таяуда Сенат «Келешек» ерікті жинақтау жүйесіне қатысты заңды мақұлдады.