Келешекте қарапайым адамдар да стейблкоинды күнделікті қолданады – банк сарапшысы

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Бірнеше жылдан кейін қарапайым адамдар да стейблкоинды күнделікті қолданады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында банк секторының өкілі Айжан Бердалина айтты.

Банк секторының өкілі Айжан Бердалина банктер үшін теңгелік стейблкоин ақшаны жылдам әрі қауіпсіз аудару тәсілін сынап көру, сол арқылы клиенттер мен бизнеске инновациялық өнімдер ұсыну мүмкіндігі екенін айтады.

– Қазір Ұлттық банкпен бірге бұл технологияны тексереміз. Бұрынырық мобильді аударым, оnlinebank болған жоқ. Қазір бәрі қолданады. Адамдарға өте ыңғайлы. Сол сияқты бірнеше жылдан соң стейблкоинды қарапайым адамдар да қолданатын болады. Стейблкоин – өте жылдам айналатын цифрлық актив. Мысалы, қазір бизнес халықаралық аударымдар жіберу үшін комиссия төлеп, ақша алушыға жетуі үшін 2-3 күн кетеді. Ал стейблкоин қолданған кезде өте жылдам болады. Тіпті секундқа жетпейтін уақыт ішінде ақша сатушыға немесе сатып алушыға жетеді. Сондықтан келешекте өте пайдалы болады деп ойлаймын, - деді Айжан Бердалина.

Ал Ұлттық банктің инновациялар бойынша сарапшысы Бақыт Смекенов теңгелік стейблкоин криптонарықтағы өтімділігі жоғары әртүрлі транзакцияларда кеңінен қолданылатын криптоқұрал саналатынын атап өтеді.

– Стейблкоиндардың қолданылу мақсатына немесе қамтамасыз ету активіне байланысты түрлері болады. Ақшамен қамтамасыз етілсе фиаттық стейблкоин, ал алтынмен, биржада сауда-саттық жасалатын тауарлармен қамтамасыз етілсе тауарлық стейблкоин деп аталады. Ал үшінші түрі – криптолендірілген стейблкоин. Бұған дейін еліміздің қаржы нарығында шетелдік стейблкоиндар ғана айналымда болды. Ал бұл нарыққа теңгелік стейблкоиннің қосылуы тарихи оқиға саналады. Бұл - қаржы саласындағы жаңа қызметтерді, өнімдерді жасауға мүмкіндік беретін құрал, қаржы жүйеміздің дамуына тың серпін беретін саты, - деді ол.

Бұған дейін елімізде теңгеге байланған алғашқы стейблкоин іске қосылғанын жазған едік.